Жаңалықтар

Құрылыс белгіленген мерзімде сапалы салынуы керек

Облыста құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, биылғы 6 айда өңірде құрылыс-монтаж  жұмыстарының басталғаны туралы 933 хабарлама тіркелген. Бұл көрсеткіш тұрғынүймен қатар білім беру, денсаулық сақтау, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, өндірістік салалардағы нысандарды қамтиды. 

Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтан Аманчин мәлімдеді.

Оның айтуынша, басқарма сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында лицензия беру, қайта рәсімдеу, қосымша жұмыс түрлерін енгізу бойынша қызметтерді уақтылы көрсеткен. Сарапшыларды аттестаттау да жүргізілген, бұл бағытта шағымдар мен кешігу фактілері тіркелмеген.

Есепті кезеңде жоспардан тыс18 тексеру жүргізіліп, 40-тан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Заң бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдың жалпы мөлшері 16 миллион теңгеден асқан. Нұсқама негізінде тиісті кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылданған. Сондай-ақ заңсыз салынған құрылыс нысандарына қатысты сотқа талап-арыздар жолдануда. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Көктем тұрғын алабында рұқсатсыз салынған 18 пәтерлі үйді бұзу туралы іс сот қарауында тұр. Бұдан бөлек Хромтау, Алға, Мұғалжар, Темір, Ырғыз, Ойыл аудандарында құрылыс сапасын бақылау мақсатында мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс сапарлары ұйымдастырылған.

Ал қала келбетін жақсарту бағытында Ақтөбе қалалық әкімдігі полиция қызметімен бірлесіп, құрылыс алаңдарына тексерулер жүргізуде. Жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 505 және 630-баптары бойынша 50-ден астам хаттама толтырылған.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласында 2023 жылдың басында ұзақ жылдар бойы құрылысы аяқталмаған 12 нысанның 10-ы бойынша мәселе шешілген. Оның бірі — бұрынғы автоорталық орнына сауықтыру орталығының құрылысы жүріп жатыр. Екіншісі — тұрғын үй кешені, оның тапсырыс берушісі ауыстырылып, құжаттары рәсімделуде.

Өңір басшысы Асхат Шахаров облыстағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен заңдылығына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берді. Құрылыс салу кезеңінде жүк көліктерінің қала көшелерін ластауына жол берілмеуі керектігін ескертті.

— Құрылыс маусымы басталғалы бері бірқатар мердігер компаниялар тарапынан қаланың санитарлық жағдайына нұқсан келтіретін жағдайлар тіркелуде. Жолдарды ластау, құрылыс алаңдарын тиісті түрде қоршамау, дөңгелек жуу құрылғыларының болмауы сынды кемшіліктер жиі кездеседі. Қаланың көшелерін ластауға, құрылыс алаңдарын ретсіз ұстауға жол берілмейді. Полиция департаментімен бірлесіп, мұндай заңбұзушылықтарға қарсы нақты шара қабылдау қажет. Құрылыс — тек ғимарат салу ғана емес,  адамдардың қауіпсіздігіне, сеніміне жауап беру. Сондықтан құрылысқа жауапты әрбір тарап бұл міндетті толық сезінуге тиіс,— деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров барлық әлеуметтік, инфрақұрылымдық және тұрғын үй құрылыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтау үшін қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, бақылауды күшейту қажеттігін жеткізді.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button