Жаңалықтар

Балық аулай барғанда…

Балық шаруашылығы қызметкерлері күні кәсіби мерекесі қарсаңында балық аулау жарысында топ жарған қатысушыларға сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ өңірдегі сала ардагерлері мен еңбегі сіңген қызметкерлерге медальдар мен мақтау қағаздар табысталды.

Облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының мүшелері, балық шаруашылықтарының өкілдері және суға қармақ салғанды жаны сүйетіндер Сазды су қоймасының жағалауындағы облыстық слетке қатысты.

Іс-шараның өтуіне осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен Сазды су қоймасына жауапты «Маханов» жеке кәсіпкерлігі ұйытқы болды.

Слет жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев, Тобыл-Торғай өңіраралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Береке Тоғаев қатысты.

Біз Сазды су қоймасында бірнеше жылдан бері балық өсірумен айналысып келеміз.Бүгін бізге бекітілген осы су айдынында балықшылар мен балық аулауға жаны құмар жандарды қарсы алғанымызға қуаныштымыз, —деді «Маханов» ЖК басшысы Шамиль Маханов. —Біз мұндай шараны алғаш рет өткізіп отырған жоқпыз. Балықшылар құр қол қайтпауы үшін жыл сайын су қоймасына кем дегенде 10 мың тұқы шабағын, 5 мың ақ амур мен дөңмаңдай шабақтарын жібереміз.

Слеттің бағдарламасы кең ауқымды болды. Оның аясында «Балық шаруашылығын жүргізу тәсілдерін жетілдіру» атты ғылыми-тәжірибелік семинар, облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Балық шаруашылығы — ел байлығы» көрмесі және ортақ мәселелерді талқылауға арналған жиын ұйымдастырылды.

Мәселесі жоқ іс болмайды, — деді облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы Алексей Гогель.(Ол мереке қарсаңында Ауыл шаруашылығы министрлігінің шешімімен «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталды)—Ең басты мәселелердің бірі — су айдындарының экологиялық жағдайы, жағалаулардың санитарлық тазалығы және табиғат аясында демалушылардың жабайы көзқарасы. Бұл мәселелер шешілмейінше, табиғатымызды қалпына келтіре алмаймыз.

Сазды су қоймасының жағасына шеберлігін көрсету үшін тәжірибелі балықшылар жиналды. Жарысқа ер адамдармен қатар, әйелдер де қатысты.

Тереңге қармақ салу номинациясында Елена Кравиц ІІ орын иеленді. Ол балықты6 жасынан бері аулайды екен.

Марқұм әкем мені балық аулауға баулыды, — деді Елена. —Анам да нағыз балықшы.Біз балық аулау үшін өзен-көлдерге жиі барамыз. Бүгінгі жарысқа анам да қатысып жатыр.

Айта кету керек, үш сағатқа созылған сайысқа 13 әуесқой балықшы қатысты.

Жеңімпаздар ұсталынған балықтың жалпы салмағына қарай анықталды, — деді жарыстың қорытындысын шығарған Тобыл-Торғай өңіраралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының бас маманы Асланбек Өтениязов. —«Тереңге қармақ салу» номинациясында Александр Кузеев, ал «Қалтқылы қармақпен аулау»  номинациясы бойынша Ділмағамбет Базарбаев жеңіске жетті.

Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды. Ең үлкен және ең жас балықшыларға да арнайы сыйлықтар табысталды.

Санат РӘШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button