Өнім бар, сату орны жоқ

Жаз айы — көкөністер мен бау-бақша дақылдарының пісетін шағы. Жақында жиын-терін жұмыстары да басталады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сапалы өнім өсіруге барынша күш-жігерлерін жұмсайды.
Алайда өнімді сататын уақыт келгенде, тікелей өткізу үшін маусымдық сауда орындары жоқ. Бұл мәселе Ақтөбедегі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдардың, базарлардың және полиция қызметінің өкілдері қатысты.
Фермерлердің негізгі мәселесі — көкөніс пен бақша өнімдерін тұтынушыларға тікелей сата алмауы. Сауда айналымының көп бөлігі делдалдар арқылы өтеді. Олар өнімді төмен бағамен сатып алып, кейін бірнеше есе қымбат бағаға қайта сатады. Нәтижесінде жергілікті аграршылардың табысы мардымсыз болып қалады, ал тұтынушылар нарықта бағаның шарықтап кеткенін көреді.
— Біз табиғи, сапалы өнім өсіреміз. Бірақ саудаға келгенде тығырыққа тірелеміз.
Себебі лайықты орын жоқ, өзіміз саудаға шығуға мүмкіндік беретін жағдай жасалмаған. Орын берілген күннің өзінде де, адам аз келетін жерден беріледі, логистикасы қиын. Делдалдар бізді сауда нүктелеріне жібермеу үшін қолдан келгенін істейді. Аула ішінде, халық көп жиналатын көшелерде сатуға заңмен тыйым салынған. Мәселен, көршілес Орал қаласында жергілікті билік фермерлерге ыңғайлы жерлерден сауда орындарын ұйымдастырып көмектеседі, — дейді Қобда ауданының көкөніс өсірушісі Аслан Төлебаев.
Аграршылар жергілікті биліктен осы мәселеге назар аударып, қолдау көрсетуді сұрайды. Олардың негізгі талабы — облыс орталығында фермерлер өз өнімін тікелей өткізе алатын қолжетімді сауда орындарын ұйымдастыру.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешені бөлімінің басшысы Арман Алдабергенов жергілікті фермерлерді қолдау өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы екенін атап өтті.
— Тікелей өткізу өнім сапасын сақтап, бағаны қолжетімді деңгейде ұстап тұруға және жергілікті экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты кәсіпкерлер палатасы өңір аграршыларының ұжымдық өтінішін назарға алып, оларға қолдау жолдарын қарастыратын болады, — деді.
Ақтөбелік ауыл шаруашылығы өндірушілері бұл мәселе оң шешімін табады деген үмітте. Өйткені әрбір жеміс пен көкөністің артында айлап төгілген маңдай тер жатыр.
Ақбота БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.



