Жаңалықтар

Сүйікті ісіңмен табысқа жет

Кәсіпкерлік

«Бетбұрыс» — әйелдер бизнесін қолдау мақсатындағы әлеуметтік-білім беру жобасы. Бұл жоба Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен соңғы 5 жыл бойы жүзеге асырылып келеді.

Жоба көпбалалы, ерекше бала бағып отырған әйелдерді, аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған. Ақтөбелік қыз-келіншектер бұл жобаға белсенді қатысады. Биыл V маусымға 50 өтініш түсіп, оның ішінен 25 адам таңдап алынған.

Оларға кәсіпкерлік негіздері, бизнесті жүргізу әдістері, жаңа мамандықтың қыр-сыры оқытылатын болады, басқа да кешенді ақпараттық-кеңестік қызметтер ұсынылады. Кәсіп ашуды ниет еткен қыз-келіншектерді оқытуға, өз тәжірибелерін бөлісуге әр саланы жақсы меңгерген, табысты кәсіпкерлер шақырылған.

V маусымның ашылуы сәрсенбі күні қалалық орталық кітапхана ғимаратында өтті. Ашылу рәсіміне қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестің мүшелері, сондай-ақ жобаның алдыңғы маусымдарының түлектері, т.б. қатысты.

«Арнау» қорының басшысы Анар Сапар сөз сөйлеп, жобаның мақсат-міндеттеріне тоқталды. Бұл жоба аясында грант немесе басқалай қаржылық көмек қарастырылмайды. Басты мақсат — жаңа іс ашуға нақты кеңестермен бағыт беру.

«Бетбұрыс» 8 бағытта жұмыс істейді: мобилография, бьюти-индустрия, аспаздық, кондитерлік, дизайнерлік, тігін тігу, массаж, т.б.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев өз сөзінде бұл жобаның Ақтөбе қаласы аумағында ғана жүзеге асатынын, бірақ кәсіпкерлік негіздерін тегін үйренуге тілек білдірушілердің көп екенін, сондықтан ауыл әйелдерін де тарта отырып, жобаны облыстық деңгейге көтерсе құба-құп болатынын атап өтті.

—Бұл — тиімді жоба. Осы жобаға қатысып, өз ісін жолға қойып, табыс тауып отырғандар көп, — деп атап өтті ол.

Жобаның V маусымына қатысушылардың бірі — Альбина Жанаева. Ол«Velikolepno» брендімен жартылай дайын тағамдар әзірлеп сатады. Шаруа қожалықтарының бірімен келісімге отырып, ет алып, шағын цех ашқан. Цехте 5 адам тұшпара, т.б. жартылай дайын тағамдар әзірлейді. Алдағы уақытта өз өнімдерін жарнамалап, таратуісін жолға қою үшін Альбина осы жоба аясында мобилографияның қыр-сырын үйренуді көздейді.

Н.АРЫНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button