Тротуарлар салынып жатыр

Қаладағы жаяу жүргіншілер жолдарын жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Астана ауданы әкімдігінің тапсырысымен Әбілқайыр хан даңғылы бойында тротуар төсеу жұмыстары басталды. Бұл учаскеде мердігер ұйым — «Казрос Альянс» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде.
Аталған учаскеде 13 500 шаршы метр аумаққа брусчатка төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда мұнда төрт бригада жұмыс істейді. Жұмыста қолданылып жатқан тас төсеніштер — отандық өндірістен шыққан заманауи әрі сапалы материалдар.
Қала әкімі Азамат Бекет жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап, мердігер ұйым өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.
—Тротуар төсеген кезде тұрғындар күнде жүретін әдеттегі жолдарға да назар аудару керек. Адамдар таптап жүрген жолдар ескерусіз қалмауға тиіс.
Ондай жерлерге де міндетті түрде тас төселуі қажет. Сонымен қатар автотұрақтар мен көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы кіреберіс жолдар да назардан тыс қалмауы маңызды, — деді ол.
Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары күн сайын бақылауға алынып, сапасына жіті назар аударылып отыр. Оның мәліметінше, мұндай абаттандыру жұмыстары қаланың өзге де көшелеріне жүргізіледі.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



