Тұтынушы құқығы қорғалады

Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында биылғы жылдың бастапқы 6 айында облыста тұтынушылар құқығын қорғау бағытында жасалған жұмыстар қорытындыланды.
Жиынға облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Бағжан Тілегенов пен «Ұлттық тұтынушылар палатасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Ислам Болатов қатысты.
Аталған департаментке жарты жыл ішінде тұтынушылар тарапынан 769 өтініш түскен. Оның ішінде бөлшек және электрондық сауда бойынша өтініштер басым. Бөлшек сауда саласындағы келіспеушіліктерге байланысты — 276, ал электрондық сауда бойынша 159 өтініш түсіп отыр. Бұл салада жиі кездесетін құқықбұзушылықтар түрлеріне келсек, саудагерлер тауарды 14 күн ішінде айырбастап беруден немесе қайтарудан бас тартады; сондай-ақ сапасыз тауарды жөндеуге, қайтарып алуға немесе айырбастап беруге көнгілері келмейді.
Электронды сауда да үнемі ойлағандай бола бермейді. Тауардың сапасыз болып шығуы, мерзімінде келмеуі — тұтынушылар құқығын сақтамаудың көрінісі.
Тұрмыстық қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, туризм, медицина, білім беру, т.б. салалар бойынша да өтініштер аз емес. Жалпы, тұтынушылар тарапынан түскен 769 өтініштің 420-сы қанағаттандырылған. Тағы бір тобына құқықтық кеңес және түсіндірме берілді. Ал мәселені өзара шешіп, өтінішін қайтарып алатындар да бар. Биылғы бастапқы 6 айда өтінішін кері алған тұтынушының саны — 38.
Жарты жыл қорытындысы бойынша тұтынушыларға, жалпы алғанда, 56,9 миллион теңге қайтарылды. Туристік қызметтер бойынша 23 өтініш тіркеліп, атқарылған жұмыстар нәтижесінде 450 мың теңге тұтынушыға қайтарылыпты.
Медициналық қызметтер бойынша, әсіресе стоматология саласындағы сапасыз қызметке байланысты шағымдар да көп. Осы орайда тұтынушыларға 775 мың теңге қайтарылды.
Кей тұста мәселе тек сот отырысымен шешіледі. Департамент қызметкерлері тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында өткен 6 айда 25 сот отырысына қатысып, 17 тұтынушының пайдасына 30,6 миллион теңге қаражат өндіріп әперген.
А.САРЫБАЙ.



