Маңызды мәселелер көтерілді

Өңірімізге Парламент Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев іссапармен келді. Халық қалаулысы тұрғындарды жеке қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді.
Қоғамдық қабылдауға әртүрлі мәселемен 30-ға жуық адам жүгінді. Олардың көпшілігі суармалы жерлерді игеру, су құбырын субсидиялау, шегірткемен күрес, ауыл шаруашылығы жұмыстарына бөлінген жанар-жағармай бағасын төмендету, ауыл шаруашылығы жануарларын экспорттауға берілетін квоталар туралы және басқа да осы салаға қатысты мәселелер.
Қазыбек Әлішев Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерге баса назар аударды. Көбіне шаруалар тарапынан несиелік серіктестіктің ортақ жауапкершілігі туралы сауалдар қойылды. Сондай-ақ жеңілдетілген несие алуда туындаған қиындықтар туралы айтылып, шаруалар тарапынан ұсыныстар түсті. Мәжіліс депутаты тұрғындардың өтініштерін ескеретінін жеткізіп, заң аясында шешу жолдарын ұсынды.
Сондай-ақ Қазыбек Әлішев қоғамдық қабылдауда тұрғындарды жаңадан қабылданған заңдармен таныстырды.
— Мәжілістің үшінші сессиясының жұмысын аяқтадық. Жалпы 249 мәселе бойынша 39-дан астам Мәжілістің жалпы отырысы өтті. 89 заң жобасы мақұлданды. Оның ішінде Су, Бюджет және Салық кодекстері қаралды. Сонымен қатар қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасыларына тиесілі әлеуметтік көмектер тағайындалды. Яғни 530 отбасының тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берілді. Осы уақыт аралығында Су кодексі бойынша өзгерістер енгізіліп, ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу және былтыр елімізде өзекті болған көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қабылданды.
Бүгіннен бастап Ақтөбе өңірінде халықпен кездесулер басталды. Олардың мұң-мұқтажын тыңдап, маңызды мәселелерді бірге талқылап жатырмыз. Бұдан соң облыстың Хромтау, Мәртөк, Ырғыз және Шалқар ауданының тұрғындарымен кездесетін боламыз.
Мемлекет басшысы тарапынан ауылшаруашылық саласына, оның ішінде шаруалардың техникалық жағдайын жақсарту мақсатында 5 пайызбен несие берілуде. Осы тұрғыда несие алу кезінде туындаған қиындықтар, шаруалар тарапынан түскен ұсыныстар туралы мәселелер де қаралуда. Тұрғындардың өтініштерін шешуге барынша атсалысатын боламыз, — деді ол.
Мәжіліс депутаттары шілде айының 10-на дейін облыстағы өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездеседі. Оның ішінде шалғайдағы елді мекендерге ерекше назар аударылып отыр. Депутаттар жаңадан қабылданған заңдардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және олардың жергілікті жерде тұрғындар сұранысына қаншалықты жауап беретінін зерттеп, азаматтар көтерген мәселелермен танысады.
Айта кету керек, «Amanat» фракциясының мүшелері 62 заңға бастамашылық етті. VIII шақырылымда заң жобаларына барлығы 5300-ден астам өзгерту мен түзетулер енгізілді. Мәжілістің жалпы отырыстарында 626 депутаттық сауал жолданды.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.