«Жас сақшы» сыныбы ашылды

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай Ақтөбе қаласындағы К.Нокин ауылының №65 орта мектебінде «Жас сақшы» сыныбының ашылуы өтті. Жоба облыстық полиция департаментінің қолдауымен жүзеге асты.
Жаңа сыныпқа оқу үлгерімі жақсы 25 оқушы іріктеліп алынды. Арнайы полиция формасын киген оқушыларға куәліктер табысталып, салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл — өскелең ұрпаққа азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті сіңіруге бағытталған маңызды бастама.
— Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен еліміздің барлық өңіріндегі мектептерде осындай «Жас сақшы» сыныптарын ашу жоспарланған. Бүгінде бұл — өңіріміздегі ашылған жетінші сынып. «Жас сақшы»сыныбы оқушыларының тәртібі жақсы, оқу үлгерімі жоғары. Бұл жоба тек болашақ полиция қызметкерлерін даярлаумен шектелмейді, сонымен қатар жасөспірімдердің санасына заң мен тәртіп қағидасын сіңіруге, оларды әділдікке, жауапкершілікке және азаматтық ұстанымға тәрбиелеуге бағытталған, — дедіоблыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов.
Сондай-ақ «Жас сақшы» сыныбы оқушылардың болашақ мамандық таңдауына да ықпал ететін маңызды алаң болмақ. Аталған жоба аясында тәрбиеленіп шыққан оқушылар болашақта ішкі істер органдарына қарасты ведомстволық академиялар мен институттарға оқуға түсіп жатса, бұл саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қолдау болмақ дейді мамандар.Яғни бұл жоба кәсіби бағдар берумен қатар ішкі істер саласына сапалы кадр дайындауға да негіз болады.
Шара аясында облыстық полиция департаменті мен мектеп басшылығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.