Халықаралық турнир өтеді

Ақтөбе қаласындағы IBIS қонақүйінің конференц-залында «Wrestling Stars League IV» халықаралық турниріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Шараны Wrestling Stars League жобасының құрылтайшысы Дәурен Жабасов облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Баспасөз жиынына спорт саласының мамандары, БАҚ өкілдері және турнирге қатысушы спортшылардың бапкерлері қатысты.
Конференция барысында халықаралық турнирдің негізгі мақсаты мен міндеттері, спортшылар құрамы, жарыстың ұйымдастыру барысы, сондай-ақ әлеуметтік қолдауға бағытталған бастамалар туралы айтылды.
— Өңірде «Wrestling Stars League» турнирі биыл төртінші рет өтеді. Жыл сайын ауқымы кеңейіп, қатысушылардың саны да артып келеді. 9 тамыз күні Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында өтетін жарысқа барлығы 13 жұп палуан қатысады деп жоспарлануда. Бұл жарыс — жасөспірімдер мен жастарды салауатты өмір салтына, спортқа баулуға бағытталған маңызды жоба. Сонымен қатар билет сатылымынан түскен қаржы Байғанин ауданында жаттықтырушы болған, қайғылы жағдайда мерт болған Нұрбол Бердіғалиевтің отбасына көмек ретінде аударылатын болады, — деді Дәурен Жабасов.
Еске сала кетейік, 17 маусым күні Байғанин ауданына қарасты Жарлы ауылында қайғылы оқиға болды. Бір үйдің ауласындағы ескі құдыққа 9 жастағы қыз бала құлап кеткен. Ал Нұрбол Бердіғалиев терең құдыққа түсіп, қызды шығарып алмақ болады. Алайда ол да сыртқа шыға алмай, екеуі де көз жұмған.
Қысқа ғана ғұмырында Нұрбол Бердіғалиев 40-қа жуық спорт шеберлігіне кандидат тәрбиелеген. Оның ерен еңбегі мен адамгершілігі ел есінде қалары сөзсіз.
Халықаралық додада еркін, грек-рим және әйелдер күресі бойынша Олимпиада, әлем, Азия және Еуропа чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сонымен қатар ел намысын қорғап жүрген жас фавориттер бозкілемге шығады. Жарыс UUW халықаралық ұйымы бекіткен стандарттар бойынша өткізіледі.
Турнир билеттері https://ticketon.kz/ сайтында сатылымға шыққан.
Айдана АЛТЫБАЕВА.



