Жаңалықтар

Жоспар, жұмыс, нәтиже

Сыбайлас жемқорлықпен күрес

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында облыс әкімі Асхат Шахаров өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуі керектігін жеткізді.

Аталған жиынға ҚР Сыбайласжемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов, агенттіктің превенция қызметінің өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ қала мен аудан әкімдері, басқарма басшылары және кәсіпкерлік палатасы мен облыстың квазимемлекеттік секторларының басшылары қатысты.

Комиссия отырысының күн тәртібінде үш өзекті мәселе қаралды: біріншісі—сыбайлас жемқорлық тәуекелдері арқылы өңірлік проблемаларды анықтау және жою, екіншісі—проблемалық нысандар бойынша атқарылған жұмыстар, үшіншісі—кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары.

Отырыс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Талғат Башев, облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы директорының міндетін атқарушы Руслан Күйшиновтің баяндамалары тыңдалып, бірқатар сұрақтар қойылды.

Комиссия мүшелері мен қатысушылар өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізді. Мәселен, Асылбек Есенбаевтың ақпаратына сүйенсек, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен облыс әкімдігі бірлесіп, 2023 жылы ұзаққа созылған 17 проблемалық нысанды аяқтау бойынша жоспар бекіткен. Оның ішінде 4 нысан пайдалануға берілген. 2024 жылы 13 нысан жоспарланып, 6 нысан іске қосылған. Ал 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес 12 нысан бекітіліп, оның 2-еуі аяқталған, қалғандары бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ былтыр аталған департамент автомобиль жолдары саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген. Нәтижесінде 18 іс-шарадан тұратын тәуекелдерді жою жөніндегі жоспар бекітіліп, оны іске асыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған.

— Атап айтқанда, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, жол жамылғысының бұзылуын болдырмау, жобаларды түзету және сараптамамен қайта келісу алгоритмі облыс әкімінің өкімімен бекітілді. Құзырлы мекемелермен келісу, орташа жөндеу жұмыстарына сараптама алу, құрылыс материалдарының бағасын негізсіз өсірмеу мәселелері облыс әкімі мен орынбасарларының төрағалығымен өткен жиындарда қаралды. Аяқталмаған жобаларды уақтылы іске асыру мақсатында жол картасы жасалды. Жоспардың қалған тармақтары бойынша Ақтөбе қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс жалғасуда, тиісті ақпарат тұрақты түрде ұсынылып отырады, — деді Асылбек Есенбаев.

Жиын соңында облыс әкімі Асхат Шахаров және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов жиынды қорытындылады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамдық бақылауды күшейту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажеттігі баса айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді, ал олардың орындалуы қатаң бақылауда болады.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button