Жаңалықтар

Білім мен адалдық үндестігі

 «Бір кемеде» форумы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында «БІР КЕМЕДЕ: Академиялық адалдық және өңірлік университеттерді дамыту» тақырыбында республикалық форум өтті. Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдардың өкілдері, профессор-оқытушылар қауымықатысты.

Форум жоғары білім беру саласындағы адалдық мәдениетін қалыптастыру, өңірлік университеттердің дамуындағы өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылауға арналды. Алқалы жиынға модераторлық еткен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы — ректоры, Академиялық адалдық лигасы жалпы жиналысының төрағасы Лаура Қарабасова модераторлық етті.

Форумның ашылу салтанатында ЖолдасБатырхан білім саласындағы ашықтық пен әділдіктің маңыздылығына тоқталып, өңірлік университеттердің ел болашағын қалыптастырудағы рөлін атап өтті.

Бұл форум еліміздің білім беру кеңістігінде айрықша маңызға ие. Бүгінгі білім беру мен тәрбие жүйесі ұлттық құндылықтармен біте қайнасып, жаңаша бағытқа бет бұруға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында атап өтіп, ұлтымыздың дамуындағы негізгі алты құндылықты атады. Олар — тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық. Осы құндылықтараға буынның ғана емес, жас ұрпақтың да негізгі рухани бағдаршамы болуға тиіс. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жуырда өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде: «Тәртіп жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну әркімнің өмір салтына айналуға тиіс», — деп нақты атап көрсетті. Бүгінгі форум осы құндылықтардың, әсіресе заң мен тәртіпті сақтау қағидатының негізінде өтіп жатыр. Сонымен қатар өңірде «Заң мен тәртіп» атты тақырыптық апталық та қатар өтіп жатқанын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда облыс халқы 1 миллионға жуықтады, соның 30 пайызы — жастар. Яғни әрбір төртінші тұрғын жас санатына жатады. Облыстағы жоғары оқу орындары мен қырыққа жуық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 54 мыңнан астам жас білім алуда. Бұл — еліміздің зияткерлік әлеуеті мен өңірлік экономиканы ілгерілететін маңызды ресурс.Осы тұрғыдан алғанда, өңірлік университеттердің академиялық адалдық қағидаттары негізінде дамуы — ел көлемінде жүргізіліп жатқан тәрбие мен білім беру саясатының логикалық жалғасы, — деген Жолдас Батырхан өз сөзінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бұл бағытта жергілікті атқарушы органдардың сенімді және стратегиялық әріптесіне айналғанын атап өтті. «Аталған университет тек кадр даярлау орталығы емес, сонымен бірге өңірдің интеллектуалдық және кәсіби әлеуетін дамытуда айрықша рөл атқарып отыр.Күнделікті жүргізіліп отырған талдаулар көрсеткендей, университет ұжымы мен білім алушылар тарапынан оқу орнының беделіне деген құрмет пен сенім жоғары. Бұл — университеттің жүйелі, сапалы, нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізіп отырғанының нақты дәлелі», — деді.

Форум аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловакадемиялық ортада адалдықты нығайтудың институционалдық тетіктері жайында баяндаса, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова білім беру жүйесінде академиялық адалдықты ілгерілету мен өңірлік жоғары оқу орындарын қолдаудың мемлекеттік саясатына тоқталды.

Заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы жастарды заңды құрметтеуге және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған жүйелі шараларды қамтиды. Осы орайда  академиялық адалдық — тек ғылым мен білім берудің тірегі ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің де негізгі өзегі. Осы бағыттағы іргелі жұмыстардың бір көрінісі — Ақтөбе қаласында өткен «Бір кемеде» республикалық форумы. Бұл форумның өткізілуі — білім беру жүйесін әділдік пен ашықтық негізінде дамытуға бағытталған маңызды қадам. Форумның ұйымдастырылуы мен өткізілу орны ретінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің таңдалуы да кездейсоқ емес. Аталған оқу орны — аймақтың жетекші жоғары оқу орындарының бірі, білім мен ғылымда өзіндік орны бар оқу-ғылыми орталық.Университетке есімі берілген Құдайберген Жұбанов — көрнекті қазақ ғалымы, ағартушы, қоғам қайраткері. Оның тұлғасы — ғылыми адалдықтың, зияткерлік дамудың және ұлттық болмысқа адал қызмет етудің символы. Сондықтан форумды дәл осы қара шаңырақта өткізу іс-шараға терең мазмұн мен тарихи мән үстейді, — деген Ұлан Сарқұлов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласына айрықша мән беріп отырғанын айтып: «Президенттің бастамасымен елімізде әлемнің жетекші университеттерінің филиалдары ашылуда. Бұл — ұлттық білім беру жүйесін жаһандық деңгейге шығаруға бағытталған нақты қадам.Осыған сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2019 жылдан бері жоғары оқу орындарында академиялық адалдық стандарттарын қолдап келеді. Бұл бастама университеттердің өзін-өзі жемқорлықтан тазартуға, білім берудің ашықтығын қамтамасыз етуге және студенттердің тұлғалық дамуына жол ашуға бағытталған. Жоғары оқу орындары тек кәсіби білім беретін құрылым емес, сонымен қатар тұлға тәрбиелейтін маңызды орта. Сондықтан бұл форум осы миссияны терең түсініп, жүзеге асыру жолында білім саласы мен қоғам өкілдерінің бірлесіп әрекет етудің нақты үлгісіне айналды», — деді.

Аталған форум өңірлік университеттердің сапалы даму стратегияларын қалыптастыруға, адал әрі әділ академиялық ортаны нығайтуға бағытталған ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар жоғары білім саласындағы үздік тәжірибелерімен бөлісіп, академиялық мәдениетті дамытуда өзара ынтымақтастықты арттыру жолдарын ұсынды.Форум аясында секциялық отырыстар және тәжірибе алмасу сессиялары өткізілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button