Жаңалықтар

«Заманауи әйел: отбасы және мансап»

Семинар

Бүгінгі қыз-келіншектер отбасы мен мансап мәселесін қатар алып жүруге ықыласты ма? Егер ниетті әйелдер болса, оларға қандай қолдау көрсету керек?

Ақтөбеде ауыл әйелдеріне арнап ұйымдастырылған «Заманауи әйел: отбасы және мансап» атты семинар-тренингте саясатқа, қоғамдық өмірге, түрлі әлеуметтік бастамаларға қатысуға дайын қыз-келіншектерге қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

Аудандардан және облыс орталығы айналасындағы ауылдардан 80-ге жуық әйел-ана шақырылған іс-шарада ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, осы комиссияның мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова, журналист Салтанат Оңғар, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, «Amanat» партиясы облыстық филиалының әйелдер қанатының төрағасы Күлшат Масалимова, т.б. спикерлер қыз-келіншектердің көшбасшылық әлеуетін дамыту, қаржылық сауаттылығын арттыру, оларды көпшілік алдында еркін сөйлеуге, яғни шешендік өнерге баулу және басқа тақырыптарда сөз қозғады. Жалпы, жиын сыр-сұхбат, сұрақ-жауап түрінде өтті. Ауыл әйелдері спикерлерге көкейде жүрген сұрақтарын қойып, түйткілді мәселелерге орай өз пікірлерін де айтып отырды.

Семинар-тренинг облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, сондай-ақ«Amanat» партиясы облыстық филиалы әйелдер қанатының ұйымдастыруымен өтті.

ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен әйел-аналардың саясатқа араласуы ең алдымен қоғамдағы бірлік, ел тұрақтылығы үшін қажет екенін атап өтті:

— Ең алдымен айтарымыз, саясатқа, қоғамдық өмірге араласу — әркімнің өз таңдауы. Көптеген қыз-келіншектер әйел-ананың орны отбасында деп есептейді. Бұл дұрыс. Алайда отбасын да, мансап жолын да қатар алып жүргісі келетіндер бар. Ол да — әйелдің өз қалауы. Оларға қолдау көрсетуді жөн санаймыз. Өйткені әйел-аналар қоғам өміріне араласу арқылы бұрын тасада қалған, айтылмай, көтерілмей келген мәселелерді қозғайды. Сөйтіп, әр мәселенің дер уақытында шешілуіне ұйытқы болады. Саясатта әйел-аналар көп жағдайда отбасы құндылықтарын насихаттауға, ана мен бала, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты проблемаларды шешуге келгенде белсенділік танытады, — деді Ләззат Сүлеймен.

Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова бала күтіміне байланысты демалыста отырған, бірақ өз білімін одан әрі жалғастырғысы, ғылыммен айналысқысы келетін қыз-келіншектерге арналған «Ғылымға қадам» жобасы жөнінде әңгімеледі. Бұл жоба университет бастамасымен биылғы наурыз айында бастау алған. Жобаға қатысуға 30 шақты адам тілек білдіріп, ішінен 15 адам таңдап алынған. Олардың әрқайсысына ментор белгіленген. Бала күтімімен үйде отырған әйелдер ғаламтор арқылы және аталған университеттің көмегімен, мысалы, магистратураға түсуге әзірлікті немесе өз зерттеуін жалғастыра алады. Яғни уақытын текке жоғалтпай, отбасы мәселесі мен ғылымды қатар алып жүруіне мүмкіндік бар.

Семинар-тренингті облыстық мәслихат төрағасы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Гүлқасима Сүйінтаева қорытындылап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button