«Өрлеу» өрге бастырады

Кәсіпкерлік
Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беретін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Бұл — бизнесті қолдауға арналған «Даму» қорының жобасы.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директорыАйнагүл Ниязованың айтуынша, бағдарламаның игілігін өндіріске инвестиция салу, жаңғырту, кеңейту, импорттың орнын басу, отандық жабдықтар мен материалдар шығаруды көздейтіндер көре алады.
— Бағдарламаға Қазақстанда тіркелген шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады. Ал жоба кепілдік беру бағдарламасының шарттарына сай келсе «Даму» қоры кепілдік те береді.
«Өрлеу» бағдарламасы шарттарына келсек, несиенің ең көп мөлшері — инвестиция үшін 7 миллиард теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыру үшін 3,5 миллиард теңгеге дейін қаражатты құрайды. Сыйақы мөлшерлемесі — жылына 12,6 пайыз. Қаржыландыру мерзімі — инвестиция үшін 10 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыру үшін 3 жылға дейін беріледі.
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап алған қарыздарды қайта қаржыландыруға мүмкіндік бар, — дейді ол.
«Өрлеу» бағдарламасы өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, логистика, қоқыс жинап, қайта өңдеу, тұрғын-жай мен тамақтандыру қызметі сияқты салаларға арналған. Оған қатысу үшін екінші деңгейлі банктерге өтінім беру керек.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев бизнес иелерін аталған бағдарламаға қатысуға шақырды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



