Ақтөбеде шахмат фестивалі басталды

Шахмат
Ақтөбе қаласындағы «ACE» теннис орталығы алаңында «Владимир Дворкович мемориалы — Aktobe Open 2025» халықаралық шахмат турнирінің ашылу салтанаты өтті. Фестиваль 30 маусымға дейін жалғасады. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров, FIDE президенті Аркадий Дворкович және Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов қатысты.

331 шахматшының ойыны
Ақтөбеде халықаралық шахмат фестивалі — «Владимир Дворкович мемориалы — Aktobe Open 2025» басталды. Бұл — фестиваль аясындағы негізгі турнир, яғни ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстан Кубогының алғашқы кезеңі.Жарысқа19 елден 331 шахматшы қатысып жатыр. Жұлдыздар қатарында әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турнирінің қатысушысы, Қытай елінен келген Ван Хао, сондай-ақ рейтингі 2600-ден жоғары гроссмейстерлер және еліміздің жетекші шахматшылары бар.Фестиваль 22-30 маусым аралығында өтеді және үш турнирді қамтиды: Ол — Masters(рейтингі 2400 және одан жоғары шахматшылар), Challengers (рейтингі 1900-2399 аралығындағы шахматшылар үшін) және Open (рейтингі 1400-1899 аралығындағы шахматшылар үшін).
Владимир Дворковичты еске алуға арналған іс-шара Халықаралық шахмат (FIDE) және Қазақстан шахмат (KazChess) федерацияларының ұйымдастыруымен, Туризм және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатыр.
Бас серіктестер — Freedom Holding Corp және Ақтөбе мыс компаниясы.
Турнир — тәжірибе алмасу алаңы
Халықаралық турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімі Асхат Шахаров ауқымды шараның Ақтөбе өңірі және жалпы ел үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жарысқа үздік шахматшылардың қатысуы турнир деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе, Ақтөбенің Владимир Дворкович есімімен тарихи байланысы және зияткерлік спорт түрлерін дамытудағы өңірдің белсенділігіне тоқталды.
— Аймақта кең көлемді шахмат турнирін өткізіп, әлемнің әр түпкірінен келген мықты гроссмейстерлерді қабылдау — өңіріміз үшін үлкен мәртебе. Біз зияткерлік спортты қолдауға, әсіресе жастар арасында насихаттап, дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Турнир тәжірибе алмасудың, білім мен жаңа идеялардың қалыптасуына ықпал ететін алаң болмақ. Қатысушылар үшін жарқын сәттер, ал көрерменге ұмытылмас әсер қалдыратыны сөзсіз. Адал ойын, шабыт пен жаңа жеңістер тілеймін. Бұл турнир әрбір қатысушының мансабындағы үлкен жетістіктердің бастамасы болсын, — деді аймақ басшысы.
Мемориал немесе аңыз арбитр
Облыс әкімі өз сөзінде турнир атауының да мәні зор екенін айтты. Ақтөбеде 2019 жылдан бері өткізіліп жүрген мемориал өз жолын Ақтөбеден бастаған аңыз арбитрВладимир Яковлевич Дворковичтің (30.12.1937-29.06.2005) рухына арналады. Таганрог педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдаған Владимир Дворкович 1960 жылы жолдамамен Ақтөбеге келген. Мұнда ұзақ болмағанымен, жақсы естелік қалдырып кеткен. Кейінірек ол КСРО Шахмат федерациясының жауапты хатшысы (1982-1984), Ресейдің Шахмат федерациясы төрешілер алқасының төрағасы (1992-1995, 2003-2005), «Шахматшы анықтамалығы» және «Владас Микенас» кітаптарының авторы атанды. Оның үлкен ұлы Аркадий Дворкович — 2018 жылдың қазан айынан бері FIDE президенті.
— Бұл турнир — біздің шахматшыларымыз үшін әлемдік элита өкілдерімен өз үйімізде, яғни таныс әрі жайлы ортада, бірақ жоғары деңгейдегі бәсекелестік жағдайда ойнауға тамаша мүмкіндік. Жүлде қорының ауқымдылығы турнирге мықты ойыншыларды тартуға жол ашып, жарыстың беделі мен деңгейін айқындайды. Ең маңыздысы — мұндай ірі жарыстың өңірде өткізіліп жатқаны. Біз тек Астана мен Алматыда ғана емес, шахмат қарқынды дамып жатқан аймақтарда да осындай ауқымды турнирлерді өткізуді мақсатты түрде қолға алдық. Бұл бастама жергілікті инфрақұрылымды жақсартуға, жастарды ынталандыруға және жалпы спорттың дамуына серпін береді, — деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Тұрлов.
Фестивальдің ашылу салтанатында шахмат тақтасында алғашқы жүрістер жасалды. Бірінші тақтада облыс әкімі Асхат Шахаров FIDE президенті Аркадий Дворковичпеналғашқы қадамды жасаса, 2-ші тақтада Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов пен ресейлік шахматшы Николай Просветов арасында қызықты ойын өтті.
— 22 маусым — мен үшін ерекше күн. Өйткені 1971 жылдың дәл осы күнінде ата-анам шаңырақ көтерген. Өкінішке қарай, әкем осыдан жиырма жыл бұрын өмірден озды. Ақтөбедегі осындай жоғары деңгейдегі турнир мен қонақжайлылықты көрсе, ерекше мақтанышпен риза болар еді деп сенемін.
Әкемнің өмір бойғы басты мақсаты жаңа буын шахматшыларды тәрбиелеу болатын. Осы жағынан алғандаДворкович мемориалы жыл сайын осы миссияны сәтті жалғастырып келеді.Биылғы турнирдің ерекшелігі — мұның танымалдылығының арта түскендігі. Қазір көптеген шахматшылар «Aktobe Open» турниріне қатысуға тырысады. Бірқатар мықты шеберлер жарыс жайлы сұрап, ережелерімен танысқысы келіп, байланысқа шықты. Ең қуаныштысы —шахмат күнтізбесіндегі тығыз кестеге қарамастан, әлемнің ең мықты ойыншылары Ақтөбеге жиналып отыр, — дейді Аркадий Дворкович.
64 тор және 64 үміткер
Өңірімізде өтіп жатқан халықаралық шахмат фестивалінде басты жарыстардың бірі — Masters санатындағы турнир көрермендер мен шахмат қауымының үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы Masters турнирі ерекше мықты құраммен ерекшеленеді. Атап айтқанда, бес бірдей шахматшы өз мансабында 2700 рейтинг межесінен асып, әлемдегі ең үздік шахматшылар қатарына — супергроссмейстерлер санатына енген. Бұл — турнирдің деңгейін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Олардың қатарында Ван Хао (FIDE рейтингі — 2701, Қытай), Аркадий Найдич (2737, Болгария), Иван Чепаринов (2718, Болгария), Алексей Сарана (2717, Сербия) жәнеСанан Сюгировтер (2712, Венгрия) бар.
Ал Challengers турниріне 100 ойыншы қатысады. Жеңіске үмітті басты фавориттер қатарында тәжірибелі шахматшы әрі жаттықтырушы ретінде танымал IM Кирилл Кудеринов (2350), IM Константин Казаков (2306), IM Бахтияр Нұғыманов (2305), IM Бахтияр Асқаров (2297), сондай-ақ FIDE жас шеберлері — Алан Петухов (2313), Ерлан Тілеуханов (2296), Ернұр Амангелді (2235) және Алдияр Жауынбай (2233) бар. Ал Open турниріне барлығы 151 адам тіркелген.
Ерғалидің сенімі
Турнирде ерекше көзге түскен командалардың бірі —Шымкент қаласынан келген шахматшылар. Бұл ұжым тек тақта басындағы ойынмен ғана емес, әлеуметтік желілерде белсенді шахмат арнасын жүргізумен де танымал. Команданың беткеұстар ойыншысы —Әбілмансұр Әбілқайыр, ол Masters санатында өнер көрсетуде.
— Қарсыластарға сәттілік тілейміз, алайда жүлделер мен кубоктардың көбі бізге бұйырады деп ойлаймыз. Себебі біз бұл турнирге 14 пен 40 жас аралығындағы 20-дан астам шахматшымен келдік. Өзім шахматты алты жасымнан бастап ойнаймын. Бұған дейінгі Дворкович мемориалында жүлдеге бір қадам жетпей қалған едім. Бұл жолы басты қарсыласымыз — өзімізден болады деп есептеймін. Өйткені біз соншалықты көппіз, тіпті өзара ойнап, бір-бірімізге жол бермеуіміз де мүмкін. Жеңіске жету оңай болмайтыны анық, — дейді шымкенттік шахматшылардың бірі, 16 жастағы спорт шебері Ерғали Хамитұлы.
Айтулы ақыл-ойдың ойынында облыс намысын 64 ойыншы қорғайды. Олардың ішінде ел құрамасының мүшесі Арыстанбек Оразаев беделді Masters турниріне қатысып жатыр. Ал Challengers санатында өңірдің тағы он дарынды шахматшысы бақ сынайды. Олар —Ханзада Аманжол, Уран Бекентаев, Қайыр Берістенов, Ермұхан Қалжанов, Нұрсұлтан Кенжалин, Кирилл Кудеринов, Илья Моисеенко, Алан Петухов, Виктор Сивирин және Аят Жарылғасов. Ал қалған қатысушылар Open санатындағы турнирде ойнап жатыр.
P.S. Ресми мәліметтерге сүйенсек, барлық турнир 9 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша, 90+30 классикалық уақыт бақылауымен (әр партияға 90 минут және әр жүріске 30 секунд қосылады) өткізіледі. Халықаралық турнирдің жалпы жүлде қоры — 100 000 АҚШ доллары.
«Aktobe Open» — классикалық шахматтан Қазақстан Кубогының алғашқы кезеңі. Бұдан соң Өскемен (21-29 шілде) және Алматы (4-12 тамыз)облыстарында турнирлер ұйымдастырылады. Шешуші кезең биыл қараша айында өтеді. Онда маусымның қорытындысы бойынша ең үздік ойыншылар кездеседі.
Арайлым НҰРБАЕВА.



