Желілік саябақ қаланың көркін ашады

Қала
Ақтөбе қаласындағы Алтын Орда шағын ауданы Тәуелсіздік даңғылының бойында салынып жатқан желілік саябаққа жасыл желекті автоматты түрде суаратын суару жүйесі орнатылды. Қала әкімі Азамат Бекет мамандармен бірге жаңа саябақта жүргізіліп жатқан жұмыстарды қарап, жабдықтардың сапалы болуынамән беру керектігін ескертті.
Жаңа ауданда бүгінде жаңа скверлер мен саябақтар салынып жатыр. Соның бірі демеушілер қаржысына салынып жатқан желілік саябақ. «Парыз» қорының демеушілік қаражатына салынып жатқан саябақтың ұзындығы — 2 шақырым 800 метр.
Мердігер ұйым «Бақыт құрылыс» ЖШС қазіргі уақытта ландшафты-дизайнер маманның көмегімен көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде.
— Бұл желілік саябақ Тәуелсіздік даңғылының бойында Әлия Молдағұлова даңғылынан Ғазиза Жұбанова көшесіне дейін созылады. Біз биыл тек Мұстафа Шоқай көшесіне дейінгі жұмыстарды ғана жасаймыз. Себебі коммуналдық мекеме су құбырын тартады. Соған байланысты күзде жұмысты тоқтатып, келесі жылы Ғазиза Жұбанова көшесіне дейінгі аумақты жасап тапсырамыз. Бұл паркте өзі автоматты түрде таңғы сағат 6.00, кешкі сағат 20.00 және түнгі сағат 0.00-де қосылатын суару жүйесін орнаттық. Ағаштың, газон мен клевердің түр-түрін егіп жатырмыз. Паркке әдемі субұрқақ орнатамыз, тротуар төсеп жатырмыз. Заманауи саябақ шамдары орнатылады, орындықтар, кіші архитектуралық формалар, балаларға арналған алаңдар болады. Жалпы, тұрғындардың демалысына қолайлы етіп жасап, келесі жылы тапсырамыз. Тапсырғаннан кейін екі жыл кепілдік мерзімі шегінде күтіп ұстауды міндетімізге алып отырмыз, — деді мердігер ұйым өкілі.
Ал белгілі ландшафт дизайнері Алеся Москалеваның айтуынша, саябаққа алдағы уақытта қарағаш, сирень, долана егіледі. Желілек саябақ аумағында спорттық және ойын алаңдары, ерекше субұрқақтар, жаяу жүргіншілер жолы мен веложолақтар жасақталады.
Бұл жерде аналар мен әжелердің отырып, тынығуына барлық жағдай жасалады. Сондай-ақ кешкі мезгілде тұрғындардың таза ауада серуендеуіне болады. Қазір бұл жерде жұмыс қызу жүріп жатыр.
Д.АЙДАР.



