Жаңалықтар

Еуразия жүрегіне саяхат

Халықаралық экспедиция  

Ресейдің Мәскеу қаласынан бастау алған «Еуразия жүрегіне саяхат» халықаралық экспедициясы Ақтөбеге келді. Бес елден келген қатысушылар екі күн бойы өңіріміздің тарихымен танысып, туристік аймақтарын аралады.

Қазақстанда 8 қаланы қамтитын жоба Ақтөбе өңірінен бастау алып отыр. Делегация құрамында кәсіпкерлер, сарапшы-блогерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен волонтерлер бар. Олар екі айдың ішінде бес ел арқылы өтіп, 8 мың шақырым жолды жүріп өтпек.

Ақтөбедегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында экспедицияның ашылу рәсімі өтті. Келген қонақтарға жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Шарада облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сөз сөйлеп, облыс әкімдігі атынан экспедицияның ашылуымен құттықтады.

— Бұл жоба орталық Азия елдері арасында тәжірибе алмасуға, өзара тиімді шешімдер қабылдауға және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Шара аясында өтетін кездесулер мен келіссөздер өңірлік әріптестіктің жаңа белесіне жол ашады деп сенемін, — деді ол.

«Еуразия жүрегіне саяхат» халықаралық экспедициясын ұйымдастыру комитеті басшысының орынбасары Александр Лукашин жобаның Мәскеу қаласында 6 маусым күні басталғанын атап өтті. Ресейдегі экспедиция қорытындысы бойынша екі аптада 43 шара өткізілген. Бұл шараның өзара достық пен бейбітшілікті сондай-ақ мәдениетаралық диалогты нығайтуда маңызы зор екендігін айтады.

— Қазақстан біздің экспедициямыздың алғашқы бастауы болғанына қуаныштымыз. Оның ішінде Ақтөбе өңірі өте жылы қарсы алып жатыр. Ұлттық тағамдардан дәм татып, шаһардың көрікті жерлерімен таныстық. Алдағы екі күнде сапарымыз одан әрі жалғасады.

Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген жүзге жуық экспедиция мүшесі аталған бес елдің 30 қаласын аралайды. Әр аймақтың тарихымен, ерекшеліктерімен танысады. Экспедиция бірнеше бағыттар бойынша өтеді. Атап айтсақ, іскерлік, ғылыми, гуманитарлық және медиа салалары. Осы бағыттар бойынша нақты ұсыныстарды ортаға саламыз. Бұл — жаңашылдыққа жол ашатын маңызды жоба, — дейді ол.

Саяхатшылар облыс орталығынан бөлек, Мәртөк, Қарғалы аудандарының да көрнекті жерлерін аралайды.

— Қазақстанға алғаш келуім. Бұл жерді көру арманым еді. Осы экспедиция арқылы жолымыз түсіп отыр. Ақтөбе өте сұлу шаһар екен.

Өзім білім саласы бойынша сарапшымын, жеке балабақшам мен білім беру орталықтарым бар. Болашақта оқушыларымды Қазақстанға әкелуді жоспарлап отырмын, — дейді Мәскеуден келген сарапшы-блогер Елена Студенова.

Экспедиция 22 шілде күні Тәжікстан елінде қорытындыланады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button