Әке — отбасының тірегі

Семинар
Ақтөбеде Әкелер күніне орай «Әке — отбасының тірегі» атты семинар-
тренинг өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен шараға әртүрлі салада қызмет етіп жүрген 70-ке жуық әке қатысты. Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі туралы әсерлі әңгіме өрбіп, қатысушылар толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Шараның басты мақсаты — отбасындағы әке деген сөздің құндылығын насихаттау. Әкелер институтын нығайту, олардың отбасындағы рөлін арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Ақтөбедегі «Қазақстандық әкелер қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Еркін Тобылбаев жуырда елордада өткен Х Республикалық әкелер форумына тоқталды. Аталған шараға біздің өңірімізден он әке қатысып келген.
— Мұндай шаралар ер-азаматтардың отбасына көбірек көңіл бөліп, бала тәрбиесіне барынша атсалысуына септігін тигізеді. Астанада өткен форумда бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен денсаулығы секілді маңызды мәселелер көтерілді. Түрлі әлеуметтік сала мамандарынан кеңес алдық. Осы форумның аясында, сондай-ақ «Адал азамат» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бүгінгі семинар-тренингті ұйымдастырып отырмыз.
Жалпы, балаға берілетін ең маңызды нәрсе — уақыт. Бұл бөлінген уақыт балаға кейінгі өмірінде көп пайдасын тигізетін болады. Тәрбиені әр адам өзінен бастауы шарт. Егер де өзіңнің балаға берген тәрбиең дұрыс болмаса, балаға қанша жерден ұрыссаң да, айтсаң да болмайды. Біріншіден, сенің өзіңе қарап, балаң өседі. Әсіресе ұл баланың тәрбиесінде әкенің рөлі зор болуы керек, — дейді Еркін Тобылбаев.
Бүгінде елімізде 850 мыңға жуық жалғызбасты отбасы болса, 72 мыңнан астамы — жалғызбасты әке. Оның 7 мыңға жуығы Ақтөбе облысында тұрады. Бұл туралы облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаева атап өтті.
Оның айтуынша, қазір өңірімізде 14 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар қиын жағдайға тап болған кез келген отбасы мүшесіне мүмкіндігінше көмек көрсетуге дайын.
Сондай-ақ семинар барысында Ақтөбе қаласындағы «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскері Лаура Қуантайқызы баланың өміріне қауіп төндіретін зиянды заттарға, сақтандыру мәселесіне ерекше тоқталды.
— Қазір — жазғы каникул уақыты. Балалардың демалысын дұрыс жоспарлап, олардың қауіпсіздігіне баса назар аударған дұрыс. Ұялы телефоннан түрлі зиянды мультфильмдер қарауы мүмкін. Әр әке қолы босаған уақытта мұқият қадағалағаны дұрыс. Бала тәрбиесінде әкенің рөлі өте маңызды, — дейді Лаура Қуантайқызы.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.



