Француздық Veolia компаниясы Ақтөбедегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жетілдіретін шешімдер ұсынбақ

Өңір басшысы Асхат Шахаров ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Veolia халықаралық компаниясының өкілдерімен, сондай-ақ «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басшылығымен кездесті.
Кездесу барысында сумен жабдықтау, су бұру және жылумен қамту сияқты коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Veolia — су, жылу және тұрмыстық ресурстарды басқаруда көпжылдық тәжірибесі бар әлемдік көшбасшы. Компания әлемнің ондаған елінде жобаларды іске асырып келеді. Оның негізгі басымдықтары — заманауи технологиялар, экологиялық стандарттарды сақтау, инфрақұрылымға кететін шығындарды азайту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру.
«Біздің мақсатымыз — аймаққа көмектесу. Коммуналдық саладағы кездесетін проблемалар әр жерде ұқсас: инфрақұрылымның тозуы, апаттардың болуы, желілердегі шығындар. Біз ең үздік мамандарды тартып, әлемдік тәжірибеге негізделген шешімдерді ұсынып келеміз. Мұндай жобалар Париж, Прага, Будапешт, Варшава және Ташкентте іске асырылып жатыр. Өзбекстан астанасында жылумен қамту жүйесін басқарып келе жатқанымызға үш жыл болды», — деді Леонид Локшин.
Бастапқы кезеңде басқару шешімдерінің енгізілуі апатты жағдайларды 20%-ке төмендетуге, күрделі шығындарды 40%-ке қысқартуға, сондай-ақ су шығынын азайтып, оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ресурстарды дәл есепке алу жүйелеріне және жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров әріптестік орнатуға қызығушылық білдірді.
«Қазақстан және Франция Президенттерінің кездесуінде конструктивтік диалог және жоғары деңгейдегі түсіністік орнады. Бүгінгі таңда аталған келісімдерді іске асырудың нақты қадамдарын көріп жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты модернизациялаудың тиімді шешімдерін іздеудеміз. Бұл салада проблемалар бар, сіздердің тәжірибелеріңіз, технологияларыңыз және әдістеріңіз өте маңызды. Біз диалогқа әрдайым ашықпыз және бірлескен жобаларды іске асырып, қолдауға дайынбыз», — деді әкім.
Сумен жабдықтау және канализациядан бөлек, басым бағыттардың қатарында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, қалдықтарды сұрыптау кешенін құру, зертханалық базаны жетілдіру және жүйелерді заманауи диагностикалауды енгізу де бар.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы орталығының өкілдерінің айтуынша, Президенттің тапсырмасымен ірі халықаралық компаниялармен бірлескен жобалар іске асырыла бастады. Соның бірі Қарағандыда бастау алып жатыр, мұнда тиісті келісімге де қол қойылған. Орал қаласында аталған салада испаниялық әріптестермен әріптестік жолға қойылып жатыр.
Veolia өкілдерінің айтуынша, компания капиталға енбей-ақ, инфрақұрылымның дамуына қаражат сала береді, сонымен қатар шығындарды оңтайландыру, экологиялық тазалығы және пайдаланып жатқан жүйелердің тиімділігін арттыр инновациялық шешімдерді енгізеді.
Делегация басшысы Қазақстанда су ресурстары саласында сәтті жүзеге асқан жобалар бар екенін де атап өтті. Мәселен, сарапшылардың пікірінше, Шымкенттің су арнасын басқару жүйесі — Орталық Азиядағы ең үздіктердің бірі.
Сөз соңында тараптар Ақтөбе облысында бірінші кезекте кәріздік тазарту құрылғыларының пайдаланылуын бақылау, цифрлық есепке ала бастау және су ресурсын тұрақты басқаруды қамтамасыз ету бойынша бірлескен жобаларды іске асыру әзір екендіктерін білдірді.
Д.АЙДАР.







