Олимпиадалық спорт клубы жұмысын бастады

Лос-Анджелес-2028
Облыста спортшыларды 2028 жылғы Олимпиадаға дайындау үшін «Ақтөбе» олимпиадалық спорт клубы жұмысын бастады. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды. Басқосуда өңірдегі спортты дамытудың нәтижелері мен келешек жоспарлар талқыланды.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауы өңірде спортты дамытуда тұрақты жетістіктерге жетуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Спортшыларды ірі халықаралық жарыстарға, соның ішінде Олимпиада ойындарына дайындауға ерекше көңіл бөлінеді.
—2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысу үшін олимпиадалық резерв жасақталды. Оның құрамына бокс, дзюдо, еркін және грек-рим күресі, жүзу және тағы басқа да спорт түрлерінен келешегі зор спортшылар кіреді. Олардың барлығы жүйелі дайындықпен қамтылған: олар үшін қажетті жағдайлар жасалған, соның ішінде қаржыландыру, оқу-жаттығу жиындары мен жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру бар,— деді ол.
Облыс әкімінің бастамасымен және Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен «Ақтөбе» олимпиадалық спорт клубы биылдан бастап өз жұмысын бастады. Оған спорттың бес түрінен: дзюдо, грек-рим және еркін күрес, бокс, таэквондо бойынша 40-тан астам спортшы мүше болып отыр. Клуб директоры болып Рақымжан Рысбаев тағайындалып, жаттықтырушылар құрамы тәжірибелі мамандармен жасақталған.
Туризм және спорт министрлігінің арнайы комиссиясының жұмысының қорытындысы бойынша басым спорт түрлерінің тізімі анықталды. Ақтөбе облысында олардың қатарында футбол, еркін және грек-рим күресі, дзюдо, джиу-джитсу, каратэ, қазақша күрес, аударыспақ, тоғызқұмалақ және т.б енгізілді. Бұл шешім өңірдің тарихи қалыптасқан спорттағы жетістіктері мен жас спортшылардың жоғары әлеуетіне негізделген.
Мейрамбек Махамбетов биылғы спорттағы айтулы жетістіктерін де тізіп, ақтөбелік спортшылардың халықаралық және республикалық ареналарда жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Олар дзюдо, суда жүзу, волейбол, күрес, парадзюдо, каратэ, ұлттық спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болып, жарыс қорытындысы бойынша аударыспақтан облыс республика бойынша үздік деп танылды.
Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы аясында Қобда ауылында ұлттық спорт түрлерінен өткен турнир ерекше атап өтілді. Сайыстың жоғары деңгейі мен лайықты ұйымдастырылуы қатысушылар мен қонақтардың жоғары бағасына ие болды. Қазақша күресте ақтөбелік Бекзат Шакизаев чемпион атанды. Жарысқа барлығы 90 шабандоз қатысты.
Асхат Шахаров өңірде спортты дамытуда мүмкіндіктер көп екенін, дегенмен Олимпиадаға дайындықты бәсеңдетпеу керектігін баса айтты.
—Алдағы үлкен додаға тыңғылықты дайындалуымыз керек. Облыстың әлеуеті зор, спортшылар қабілетті, оларға барынша қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мақсат — кем дегенде 10 Олимпиада лицензиясын жеңіп алу. Нақты нәтижелерді күтеміз, — деді облыс әкімі.
Д.АЙДАР.



