Жаңалықтар

Әкелер сайысы өтті

Отбасы

Әкелер күніне орай Қарғалы ауданының Ш.Қалдаяқов ауылында «Әке — отбасының тірегі» атты эстафеталық сайыс ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты — отбасындағы әкенің айрықша рөлін насихаттау және салауатты өмір салтын дәріптеу.

Сайысқа ауданның белсенді де үлгі боларлық әкелері қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар түрлі спорттық және танымдық кезеңдерден өтіп, отбасылық бірлікті, шыдамдылықты, тапқырлық пен парасаттылықты таныта білді.

Эстафетаның әрбір кезеңі әкелердің физикалық шапшаңдығын ғана емес, олардың отбасылық құндылықтарға деген көзқарасын, жауапкершілігін де айқын көрсетті.

— Бүгінгі шара балаларымызға үлгі көрсетудің, отбасымызбен бірге мағыналы уақыт өткізудің тамаша мүмкіндігі болды. Әке — отбасының асыраушысы ғана емес, бағыт-бағдар беруші, тәрбиеші. Бұл сайыста соны тағы бір мәрте сезіндік, — дейді қатысушылардың бірі Альбек Сағынтаев.

Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы М.Жұбан аталған шараның маңыздылығына тоқталды.

— Жастарға үлгі боларлық әкелердің белсенділігі — қоғамның айнасы. Әкелердің осындай шараларға қатысуы да отбасылық тәрбиенің, жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Алдағы уақытта мұндай жобаларды жиі өткізуге тырысамыз, — деді ол.

Сайыс соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар аудан әкімінің Алғыс хатымен және демеушілердің бағалы сыйлықтарымен марапатталды.  Осылайша «Әке — отбасының тірегі» деген сөздің мәні бұл тағылымды шарада тағы бір мәрте айқындалып, әкенің қадірі мен жауапкершілігі кеңінен насихатталды.

 Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button