Жаңалықтар

Этносаралық келісім қызметіндегі медиация

Іс-шарада этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу жолдары айтылды.

«Қоғамдық келісім» мекемесінде «Ұлтаралық жанжалдарды реттеудегі медиация тәсілі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің, құқық қорғау органдарының өкілдері, этномедиаторлар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ «Ассамблея жастары» жастар қанатының белсенділері қатысты.

Жиынға қатысушыларды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов қарсы алды. Ол этносаралық қатынастар саласындағы профилактикалық жұмыстардың маңыздылығын және шиеленіс жағдайларына сауатты әрекет ете алатын мамандарды даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

— Семинар қоғамдық келісімді нығайту және дау-дамайлардың алдын алу үшін маңызды мәнге ие. Қазіргі жағдайда диалог пен өзара түсіністік мәдениетін дамыту ерекше маңызды. Алған білімдеріңіз бен дағдыларыңыз әрқайсысыңыздың практикалық жұмыстарыңызда пайдалы болатынына сенімдімін, — деп атап айтты Әлібек Байнешов.

Айта кету керек,бұл іс-шара азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған 13 қоғамдық бастаманың бірі — «Елдесу және татуласу» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл этно-аймақтық сипаттағы алғашқы шара емес: бұған дейін аймақта еліміздің батыс өңірі үшін конференция ұйымдастырылды, ал жылдың соңына дейін көшпелі оқу семинарлары жоспарланған.

«Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің басшысы Дариға Исмағамбетова да дер кезінде алдын алудың маңыздылығын атап өтті.

— Бүгін біз медиацияны жанжалдарды шешу құралы ретінде ғана емес, ұлтаралық келісімді сақтаудағы әрбір азаматтың рөлі туралы айтып отырмыз. Облыста 17 этномәдени бірлестік бар. Этномедиаторлар кеңесі жұмыс істейді, этномедиация орталығы ашылды, аудандарда халықпен белсенді жұмыс жүргіземіз, — деді ол.

Практикалық бөлімнің тізгінін Батыс Қазақстан медиация орталығының басшысы Әлия Құртаева өз қолына алды. Ол нақты жағдайларды талдау арқылы тренинг өткізіп, жанжалдыжағдайларда қалай дұрыс әрекет ету және олардың этносаралық қақтығыстарға ұласуына жол бермеу керектігін ерекше атап өтті.

— Кез келген тұрмыстық қақтығыс белгілі бір жағдайларда ұлтаралық сипатқа ие болуы мүмкін. Шиеленіс белгілерін ерте кезеңде тану және оның салдарымен ғана емес, сонымен қатар негізгі себептерімен де жұмыс істеу маңызды, —деп түсіндірді ол.

Тренингте этномедиация саласындағы халықаралық және қазақстандық тәжірибе қарастырылды, шиеленістерді диагностикалау, талдау және басқару әдістері талқыланды. Жастар ортасына арналған медиациялық әдістерді бейімдеуге ерекше көңіл бөлінді.

«Ассамблея жастары» бірлестігі төрағасының орынбасары Владислав Толочко жастардың оқыту процесіне белсене қатысатынын айтып, аталған мәселелер бойынша ағартудың аса маңызды екенін атап өтті.

Семинар соңында 20 қатысушыға сертификат табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тренингтер қоғамда диалог пенжанжалдардың алдын алудың тұрақты мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

 Айжан ШАУКУЛОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button