Тұтынудың әлеуметтік нормасы енгізілді

Анық-қанық
Аймақта су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу бойынша жаңа жүйе іске қосылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім болды. Брифингке Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Ерлан Дүйсен және «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Серік Нәби қатысты.
Мамандардың айтуынша, судың шамадан тыс тұтынылуы салдарынан елімізде 2030 жылға қарай су тапшылығы 15 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл жағдай — табиғи ресурстарды ұтымсыз пайдалану мен тұтыну мәдениетінің төмен деңгейінің тікелей салдары.
Деректерге сүйенсек, Қазақстан сумен жабдықтау тарифтері бойынша әлемдегі ең төмен баға ұсынатын елдердің үштігіне кіреді. Алайда жан басына шаққандағы су тұтыну көлемі бойынша жетінші орында тұр. Бұл елде суды үнемдеу мәдениеті жеткілікті дамымағанын көрсетеді.
— Осы түйткілді шешу үшін 2023 жылғы 29 наурызда Мемлекет басшысы Үкіметке «Тұтынудың әлеуметтік нормаларын» енгізу тапсырмасын берді. Ал былтырғы Жолдауында «Көп тұтынасаң — көп төлейсің» қағидатын енгізу қажеттігін баса айтқан болатын. Жаңа тәртіпке сәйкес жеке тұлғалар үшін су тұтыну көлемі төрт санатқа бөлініп, әр топқа арнайы тариф бекітілді. Бұл нормалар әр тұрғын үйде тұратын бір адамға есептеледі, — деген Ерлан Дүйсен тариф мөлшері жайында айтты.
Тұтынудың әлеуметтік нормаларына сәйкес жеке тұлғалар үшін тарифтер Ақтөбе қаласында арнайы тәртіппен бекітілген. Яғни І топ — 3 текше метрге дейін —154,57 теңге (ҚҚС-пен), яғни өзгеріссіз қалған. ІІ топ — 3-5 текше метрге дейін 185,48 теңге, яғни тариф деңгейіне 20 пайыз үстеме қосылады. ІІІ топ — 5-10 текше метрге дейін 231,86 теңге, тариф деңгейіне 50 пайыз үстеме қосылса, ІV топ — 10 текше метрден астам және есептеу аспаптарынсыз309,14 теңге, тариф деңгейіне 100 пайыз үстеме қосылады.
Ерлан Дүйсен өз сөзінде тұтынушыларға суды үнемдеу үшін су есептегіш құралдарын орнату, сондай-ақ үйдегі тұратын адамдар саны туралы деректерді жаңарту керектігін айтты. Бұл төлемнің нақты әрі әділ есептелуіне мүмкіндік береді.
— Әлеуметтік нормалар шегінен тыс тұтынғаны үшін алынатын қосымша төлем табиғи монополиялар субъектілерінің табысына емес, тікелей инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға, қызмет сапасын жақсартуға және құрал-жабдықтарды жаңалауға бағытталады.Егер бұл қаражат мақсатсыз жұмсалса, уәкілетті орган оны бекітілген тариф сметасынан алып тастайды, — деді спикерлер.
Арайлым НҰРБАЕВА.