Жаңалықтар

Республикалық велошеруге қатысушылар Ақтөбеге келді

Елімізде ерекше форматта ұйымдастырылған «Алтайдан — Оралға» атты республикалық велошеруіне қатысушылар Ақтөбеге келді. Кең ауқымды спорттық іс-шараның өтуіне Оқу-ағарту, Туризм және спорт министрліктері мұрындық болды.

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткізіліп жатқан велошерудің басты мақсаты — жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, еңбек адамдарының мәртебесін, мерейін арттырып, олардың еңбегін дәріптеу және еңбек ұжымдары мен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Велошерушілерді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұханбетжан Зарлықов және Ақтөбе қаласының велоспортшылары қарсы алды. Бұдан кейін велошабандоздар Ақтөбе политехникалық колледжінде аталған оқу орныныңоқушыларымен кездесті.

Айта кету керек, Өскемен қаласынан бастау алған велошеру еліміздің бірнеше облысын аралап келе жатыр. Қатысушылар Абай, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласын, сондай-ақ Қостанай облысының Рудный, Лисаков, Денисов, Қамысты қала, ауылдарын жүріп өтіп, біздің облысқа табан тіреді. 5 маусым күні олар өңіріміздегі Әйтеке би ауылына қарасты Сұлукөл ауылдық округінде аялдаса, одан кейін сапар Хромтау ауданына, Ақтөбе қаласына жалғасты. Бұдан кейінгі бағыт — Қобда ауданы, әрі қарай велошерушілер Оралқаласына жол тартпақ. Велошеруге еліміздің әр өңірінен әуесқой спортшылар, жас мамандар мен студенттер қатысып жатыр. Жалпы саны — 236 велошабандоз және 200 колледж оқушы. Велошабандоздарға ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Денис Гольцман жетекшілік етуде.

Бұл — жай ғана велошеру емес, елді бірлікке бастайтын, жастарға терең тәрбие, жігер беретін сапар. Шеру аясында ұйымдастырылған шаралар барысында еңбек ұжымдарымен, колледж оқушыларымен кездесулер өткізіп жатырмыз. Жиындарда жұмысшы мамандықтары насихатталып, еңбек адамының қоғамдағы орны ерекше, абыройы биік екені туралы кеңінен айтылады. Расында мұндай бастамалар, жобалар техникалық және өндірістік салаларға деген жастардың қызығушылығын арттыратыны анық.

Халықтың бізге деген аппақ көңіліне, кең пейіліне ризашылығымыз шексіз. Қай өңірге, қай қалаға, қай ауылға барсақ та жылы жүздесулер өткізіліп жатыр. Бұл бізге ерекше шабыт сыйлауда. Халықтың осы ыстық ықыласы да болар, ауа райының қолайсыздықтары біздің сапарымызға тосқауыл болған емес. Сапар бізге еліміздің табиғатын тамашалауға да мүмкіндік беруде, — дейді жаттықтырушы.

Шерушілердің ең үлкені — 74 жастағы Виктор Мальков. Павлодар қаласының тұрғыны жақында Азия чемпионатының күміс жүлдегері болыпты.

Велоспортқа бала кезімнен қызығамын. 16 жасымнан бастап спорттың осы түріне ден қойдым. Содан бері арада 60 жылға жуық уақыт өтіп кетіпті…

Негізгі мамандығым — құрылысшы, алюминий зауытында шебер, кейін жаттықтырушы болып жұмыс істедім, — дейді велошабандоз.

Еліміздің 8 өңірін қамтыған шамамен 3 мың шақырым еңсерілген шеру 8 маусым күні Ақжайықта мәресіне жетті.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button