Жаңалықтар

Тұрғындармен кездесті

Жұмыс сапары

Облысқа екі күндік іссапармен келген Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек кеше Ақтөбе қаласындағы Amanat партиясының ғимаратында тұрғындармен кездесті.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов ашты. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Орталық атқарушы органдар басшылары аймақтарды аралап, халықпен кездесіп, елдің әл-ахуалымен етене танысып, толғандырған мәселелерін шешуге ықпал ететінін жеткізді.

Басқосуда Құдайберген Арымбек тұрғындарға өңіріміздің отын-энергетикалық кешенінің қазіргі жағдайы туралы баяндап берді.

Оның айтуынша, біздің өңір — еліміз бойынша мұнай өндіру көлемі бойынша 4-ші аймақ. Оның үлесіне ел бойынша мұнай өндірудің жалпы көлемінің шамамен 5,2 пайызы тиесілі. Биылғы 4 айдағы көрсеткіш — 1,5 миллион тонна мұнай өндірілді.

Ақтөбе облысында игеріліп жатқан кен орындарының басым бөлігі игерудің кеш сатыларында тұр. Сол себепті кен орындарында мұнай өндірудің жыл сайынғы табиғи төмендеуі байқалады.

Жер қойнауын пайдаланушыларды қолдау және кен орындарының өмірлік циклін ұзарту мақсатында Энергетика министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, жаңа Салық кодексіне жетілген кен орындарын қолдау шараларының пакетін енгізді. Бұл пакет келесі жылы күшіне енеді, — деді вице-министр.

Жалпы, қазір алынатын мұнай қоры — шамамен 194,9 млн тонна. Мемлекеттік теңгерімдегі газдың алынатын қорлары — шамамен 165,6 млрд текше метр.

Өткен жылы Қазақстанда 14 жер қойнауы учаскесі бойынша 2 аукцион өткізілген. Оның 4-еуі Ақтөбе облысында орналасқан және 4 жер қойнауы учаскесі бойынша келісімшарттар жасалыпты.Биыл жер қойнауының 11 учаскесі аукционға қойылып, 1 учаске бойынша жеңімпаздар анықталған.

Жиын барысында  Құдайберген Арымбек Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 401 мың тонна дизель отынын жеткізу графигі бекітілгенін,соған сәйкес Ақтөбе облысы үшін6,2 мың тонна дизель отыны жеткізілгенін айтты.

Облыстағы жанар-жағармай қорлары: АИ-92 — 14,47 мың тонна (35 күн), АИ-95 — 2,03 мың тонна (20 күн), дизель отыны — 20,71 мың тонна (17 күн).

Өңір бойынша сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасы литріне — 77 теңге. Сондай-ақ облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта шекті бөлшек сауда бағасы литріне — 82 теңге. Облыста 196 автомобиль газ құю станциясы бар.

— Еліміз бойынша Ақтөбе облысы сұйытылған газ бағасының арзандығы жөнінен үшінші орында тұр, — деді вице-министр.

Кездесуде өңірді газдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да сөз қозғалды. Жыл басындағы жағдай бойынша облыс халқының 95,6 пайызы  көгілдір отынмен қамтылған.Өткен жылы үш жоба іске қосылды.

Кездесу барысында тұрғындар вице-министрге сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Халық өмірі үшін маңызды барлық мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында тұр. Біз осы міндеттерді толық және уақтылы шешу үшін бар күшімізді саламыз, — деп түйіндеді жиынды Құдайберген Арымбек.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button