Болашақ, қайда барасың?..

Данагүл ҚАЗИХАН,
«Ақтөбе»
Ойтүрткі
Биыл да дәстүрлі оқу жылы аяқталып, мектеп бітіруші түлектер қуаныштарын тойлады. Мектеп бітіру кештерін сән-салтанатпен дүркіретіп өткізді.
Жалпы, соңғы кезде еліміздің көп өңірінде осындай шаралар өткізу сәнге айналып барады. Кеш өткізу былай тұрсын, лимузин жалдап, қымбат мейрамханаға бару түлектердің басты арманы болды. Оған «тәйт» деудің орнына, ақша жинап, айқайға қиқу қосатын ата-аналарға да тоқтау болмай тұр. Және бұл әдет бәсекеге айналып бара жатқандай.
Жуырда әлеуметтік желіден бастауыш сыныппен қоштасқан оқушылардың лимузиннен түсіп жатқан видеосын көріп таңғалдым. Кіп-кішкентай қыз балалар балға арналған көйлектерін киіп, ер балалар бабочка тағып, қымбат көліктен күлімсіреп шығып келеді. Қолдарында шар, беттерінде бояу.
Әрине,қазіргі балалар заман ағымына тез бейімделеді. Үлкені де, кішісі де қазір әлеуметтік желіде отырады. Дегенмен мектеп оқушысын соншалықты дандайсытуға бола ма?
Жуырда бір сұхбаттан белгілі психолог мектеп бітірген немесе балабақшаны аяқтағандарға осындай ұлан-асыр той жасап берген ата-аналардың мұндай әрекеті олардың әлеуметтік жағдайымен байланысты екенін айтып берді. Ол мұны 90-шы жылдардағы тоқырауда туған қазіргі ата-аналардың тоқшылыққа тоя алмауымен байланыстырады. Одан бөлек қазір адамдар арасында бәсекелестік күшейіп тұрғанын айтады. Қалай болғанда да қазір тойдың да, кештің де жылдан-жылға ауқымы өсіп барады. Ысырап көбеймесе, азаймай тұр…
Кеш демекші, жақын күні Жаңаөзен қаласында мектеп бітіруші
-қолпаштап мәз.
Меніңше, мектеп бітіру кештерін ресми шара ретінде өткізген дұрыс сияқты. Артықшығын, сән-салтанат, қымбат дүниелердің қажеті жоқ. Жаңа ғана мектеп бітірген оқушыға тым қымбат дүниелер алып беру, сыйлық сыйлау баланың болашағына кері әсер етеді. Керісінше,түлектерді өз еңбегімен жетістікке жетуіне, жақсы білім алуына үндеуіміз керек.Жастарды қарапайымдылыққа үйретуге тиіспіз.
Мәселен, біз мектеп бітірген жылдары қазіргіде йұлан-асыр той болған емес. Ол кезде де түрлі кештер өткізетінбіз, бірақ мектептің спорт залынан аспайтынбыз. Және қазіргідей қымбат көйлек, алтын-күміс таққанымыз жоқ. Қарапайым ғана мектеп формасын киіп, бантигімізді тағып шықтық. Ұстаздарымызға құрмет көрсетіп, жүрекжарды тілегімізді жеткіздік. Қымбат көлікке отырмадық, ешкімге сыйлық жасамадық. Бәрі де артық шығынсыз, бәсекесіз өтті. Одан жаман болмадық. Қазір біз қатарлас қыз-жігіттер бір-бір үйдің тұтқасы болып отыр, көбі жақсы қызмет атқарады.
Биыл Оқу-ағарту министрлігінің қаулысына сәйкес мектеп бітіру кештерін еш ысырапсыз, даңғазаға жол бермей өткізу ұсынылды. Мектеп басшыларына бұл орайда тапсырмалар да берілді. Алайда жасырынып көлік шеруін ұйымдастырып, мейрамханаға бару дәстүрі тоқтаған жоқ. Меніңше, бұл жерде ата-аналар өз балалары үшін жауапкершілік алып, той жасауды қоюы керек. Баланы отбасында қарапайымдылыққа, қанағатшылдыққа үйретсе,мұндай сән-салтанат пен бәсекелестік болмас еді…