Жаңалықтар

Отбасы тірегі — татулық

Акция

Кеше «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты республикалық челлендж-флешмоб өтті.

20 сәуір мен 20 маусым аралығында ұйымдастырылып жатқан республикалық акцияның негізгі мақсаты — отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғам назарын осы мәселеге аудару, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру және отбасы институтын нығайту.

— Зорлық-зомбылық отбасылық өмірдің бір бөлігі болмауы керек. Бала тәрбиеленетін орта қауіпсіз болуға тиіс.Өйткені баланың алғашқы тұлғалық негізі отбасында қаланады. Осындай іс-шаралар отбасы мүшелері арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, бүкіл қоғамда өзара түсіністік пен қолдаудың артуына ықпал етеді, — деді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Маржан Қорғанбаева.

Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Айдос Құлжанов:
— Біздің басты міндетіміз — әр отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тұрмыстық зорлық-зомбылық — тек жеке отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі, — деп атап өтті.

Акция барысында қалалық Мәдениет үйі жанындағы эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі «Амангелді» маршын орындап, «Әлия гүлі»халықтық би ансамблі мажореткаларымен бірге салтанатты шеру ұйымдастырды.
Флешмобқа 100-ден астам адам қатысты. Олардың қатарындаалтынтой иелері — Мағзом мен Шалқия Бақытжановтар бар. Олар жас отбасы — Айбек пен Қарлығаш Сағынтаевтарға батасын беріп, сый тарту етті.
Бастарың аман, бақтарың баянды болсын! Ұрпақтарың өсіп-өніп, ошағыңның оты сөнбесін. Ынтымақ пен түсіністік болған жерде береке де, бақыт та болады. Бір-біріңді сыйлап, сабырмен өмір сүрсеңдер, ешбір дау, қиындық сендерді жеңе алмайды. Отбасы — ең киелі ұғым,— деп жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Халықтық ұжым «Асыл әжелер» ансамблі «Балаларым» әнін шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шара соңында флешмобқа қатысушылар «Ақтөбеліктер отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы!» деген ұранмен эстафетаны Атырау облысына жолдады.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button