Қола жүлде— қанжығада

Ұлттық спорт
Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде 27-31 мамыр күндері асық ату спортынан 2015–2017 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне республиканың 16 өңірінен 100-ге жуық жас спортшы қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды.
Осы дүбірлі додада облыстың қыздар құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді. Аймақ тарихында алғаш рет бес асықтан өткен командалық сында ақтөбелік оқушылар қола жүлдені жеңіп алды.
Чемпионат барысында жекелей сайыста да спортшыларымыз нәтижелі өнер көрсетті. АйымТөлепберген — күміс, Айзере Махамбет қола жүлдені иеленді. Ал Айкөркем Асхат төртінші орынмен шектелді.
Жеңіспен оралған жас спортшыларды Ақтөбе теміржол вокзалынан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының өкілі Наурызғали Жахин, облыстық асық ату федерациясының вице-президенті Оразбай Ұлқабай, облыстық асық ату федерациясының директоры Мұсағали Тасқалиев бастаған бір топ федерация мүшелері мен ата-аналар салтанатты түрде күтіп алып, гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар жарысқа бастап барған команда жетекшісі Айнұр Бұхарбаеваға да құрмет көрсетілді.
— Бұл — облысымызда ұлттық ойынды дамыту жолында еңбек етіп жүрген спортшылар мен жанашыр азаматтардың бірлігінің нәтижесі.
Чемпионаттың негізгі мақсаты — ұлттық спортты насихаттап, жасөспірімдер арасында асық ату өнерін дамыту. Бұл — аталған жас санатындағы спортшылардың шеберлігін бағалайтын ең ірі бәсеке. Сонымен қатар әр аймақтағы асық ату спортының даму деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы, асық ату ферерациясының құрылғанына үш жылдан асты. Спортшыларымыз нәтижелі ойын көрсетіп, жеңістерге жетіп жүр, — деді М.Тасқалиев.
Ал жарыс жүлдегерлерінің бірі Айзере Махамбет жарыс туралы әсерімен бөлісті:
— Жарыста бірнеше айналымнан өттік. Қарсыластарым Алматы мен Түркістан қалаларынан болды. Мен 8 жасымнан бері осы спортпен айналысып келемін. Командалық есепте үшінші орын алдық. Бұл — біз үшін жақсы көрсеткіш. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз деп сенемін, — дейді ол.
Айдана АЛТЫБАЕВА.



