Журналистер тәжірибе алмасты

«Найза-антитеррор — 2025»
Қостанай облысында терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың ұйымдастыруымен «Найза-Антитеррор — 2025» республикалық семинары өткізілді. Журналистерге арналған басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен делегаттар қатысты.
Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы — Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың мұрындық болуымен өткен шара — жедел-тактикалық терроризмге қарсы оқу-жаттығудың қорытынды кезеңі. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер, Қорғаныс, Мәдениет және ақпарат министрліктері және жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.
Жиын барысында мүдделі мемлекеттік органдардың террористік сипаттағы «гибридті» қауіптерге ден қоюға жауынгерлік әзірлік деңгейі мен үйлесімділігін тексерілді. Сондай-ақ төтенше жағдайларда диверсиялық-террористік актілердің алдын алу, қауіптің салдарын барынша азайту және жою бойынша тренингтер өткізілді.
Екі күнге созылған семинарда кибершабуылдарға ден қою, шартты террористерді іздеу және анықтау, броньды техникасы бар арнайы мақсаттағы күштердің орнын ауыстыру, кепілге алынғандарды босату және жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру жөніндегі операцияларды жүргізу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау тетіктері пысықталды.
Әр өңірден келген журналистер үшін терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін ақпараттық кеңістікте жариялау бойынша да мамандар панельдік сессиялар ұйымдастырды. Онда оқыс оқиға туралы қалай жазу керек, оның «тілі», беру формасы, оқырман-көрерменге жеткізу әдісі, т.б. туралы кең мағлұмат берілді.
Оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша еліміздің аумағындағы террористік қауіптерге қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру бойынша қосымша шешімдер әзірленді.
Аталған республикалық семинарға облыстық «Ақтөбе» газетінің журналисі де қатысты.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Ақтөбе-Қостанай-Ақтөбе.



