Жаңалықтар

Бес қабатты үйдегі жарылыс

Оқыс оқиға

4 маусым күні сағат 16.34-те Ақтөбе қаласындағы Абай даңғылы бойындағы бес қабатты тұрғын үйдің 4-қабатында газ-ауа қоспасы жарылып, соңы өртке ұласты. Оқиға туралы төтенше жағдайлар қызметінің 112 нөміріне шұғыл хабар түскен.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар, жедел жәрдем дәрігерлері, полиция қызметкерлері шұғыл жетті. Төтенше жағдай қызметінің өкілдерінің мәліметінше, жарылыс салдарынан шамамен 40 шаршы метр аумақта ашық жалын тұтанып, 3-ші және 4-қабат арасындағы аралық құрылымдар ішінара құлаған. Оқиға орнында 36 жастағы ер адам қайтыс болған.
Құтқарушылар дереу әрекет етіп, өртті сөндіріп, тұрғындарды эвакуациялады.
— Біз оқиға болған бір подъездің, яғни 15 пәтердің тұрғындарын қауіпсіздік мақсатында уақытша эвакуацияладық. Оларды жатақханаға орналастыру туралы шешім қабылданды. Үйдің жарылыс болған бөлігіне сараптамалық зерттеу жүргізілгенге дейін тұрғындардың бұл жерде болуына рұқсат берілмейді, — деді оқиға орнына жедел барған қала әкімі Азамат Бекет.
Төтенше жағдайлар штабы апаттық-құтқару және үйінділерді талдау жұмыстарын жүргізді.
Кеше осы оқиға бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Евгений Овчарский түсініктеме берді.
— Оқиғаға байланысты Қылмыстық Кодекстің 292-бабы — «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала болжамға сәйкес жарылысқа табиғи газдың газ-ауа қоспасының тұтануы себеп болған. Өрттен кейін 10 тұрғын медицина университетінің жатақханасына орналастырылды, қалғандары туыстарының үйіне кеткен. Алдын ала есеп бойынша 6 пәтерге материалдық шығын келген. Қазіргі уақытта 4-ші, 5-ші және 6-подъездерде жарық жоқ, тұрғындар тұрмайды, — деді Евгений Овчарский.
Енді қалалық әкімдік жанынан құрылған комиссия тұрғын үйдің құрылымдық жағдайын зерттеп, нақты қанша пәтердің зардап шеккенін анықтайтын болады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button