Ауылды қолдау жалғасады

Семинар
Ақтөбеде «Ауыл» партиясының өңірлік семинары өтті. Іс-шара партияның құрылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Семинарға жүзден астам қатысушы жиналды: олар — партия басшылығының өкілдері, барлық деңгейдегі депутаттар, ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар, аудан белсенділері және жастар. Басты мақсат — жергілікті жерлерде партияның кадрлық әлеуетін күшейту, медиа және цифрлық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ қазіргі кезеңде партия қызметінің басым бағыттарын талқылау.
Іс-шараның ресми бөлігі «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейітжановтың құттықтау сөзімен басталды, ол партияның ауылдық аумақтарды орнықты дамытудағы, ұлттық мүдделерді ілгерілетудегі және ауыл тұрғындарының құқықтарын қорғаудағы рөлін атап өтті. Партияның өңірлік облыстық филиалының төрағасы Әлібек Базарғалиев те сөз сөйледі.
Жиынның салтанатты ашылуынан кейін қатысушыларға «Ауыл» партиясының қалыптасуы мен дамуының 25 жылдық тарихына, оның негізгі бастамаларына, парламенттік және қоғамдық қызметіне арналған деректі фильм ұсынылды.
Семинар бағдарламасында көп мәселелер қамтылды. Білім беру сессиялары екі күнге бөлініп, көптеген тақырыптарды қамтыды. Мысалы, белгілі блогер Нұрқожа Ерсайын партиялық идеяларды тиімді ілгерілету және халықпен цифрлық коммуникация жүргізу құралдарымен бөлісті. Түркиядан арнайы шақырылған жаттықтырушы Гүлполат Туфан Ердоғду қарқынды тренингтер өткізіп, сөйлеу техникасын ғана емес, сонымен қатар аудиториямен сенім орнату қабілетін де үйретті. Жастар және креативті индустрия департаментінің өкілі Олжас Сәукенов цифрлық қауіпсіздікке, ақпараттық-коммуникациялық технологияны партиялық жұмыста қолдануға және өзекті онлайн-құралдарға арналған практикалық сабақ өткізді.
Облыстық мәслихаттың депутаты және агробизнес өкілі Кәмшат Төлеуова шағын және орта шаруашылықтардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және ауылды дамытудағы рөлі туралы мазмұнды дәріс оқыды. Ақпараттық-талдау жұмысы департаментінің директоры Қуаныш Үсенов пен Батыс Қазақстан облысы партия аппаратының басшысы Ғайса Қапақов қатысушыларға партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын және оның әртүрлі деңгейдегі жұмыс істеу құрылымын ұсынды.
Сессиялар арасында қатысушыларға бейресми қарым-қатынас, тәжірибе алмасу, сондай-ақ мәдени бағдарламаға қатысу мүмкіндігі берілді.
— Мұндай іс-шаралар қатысушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, команданы шоғырландыруға, үздік тәжірибелермен алмасуға, орталық пен өңірлер арасында тұрақты диалог құруға ықпал етеді. «Ауыл» өз қағидаттарына адал болып қала береді: ауылды қолдау, еңбек адамына қамқорлық жасау және ұлттық мүдделерді ілгерілету — жалаң ұран емес, білім мен дайындықты қажет ететін күнделікті жұмыс, — деді Әлібек Базарғалиев.
Санат РӘШ.








