Ресурстық орталық ашылды

ҮЕҰ
Ақтөбе қаласында үкіметтік емес ұйымдарға арналған ресурстық орталықтың ғимараты пайдалануға берілді.
Аталған ресурстық орталық өңірдегі азаматтық қоғам институттарын дамытуға арналған. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға, олардың қызметін жүйелеуге және қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосуға бағытталған мекеменің жаңа ғимараты Маресьев көшесі, 75 «Б» мекенжайында орналасқан.
— Бұл облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Ресурстық орталық алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдарға құқықтық, ақпараттық және әдістемелік көмек көрсетіп, жоба аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды көздейді. Сонымен қатар азаматтық бастамаларды қолдауға және қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беретін алаң болмақ.
500 шаршы метрлік ғимаратта 25-тен астам бөлме бар. Яғни бірнеше ұйымның қатар жұмыс істеуіне мүмкіндік қарастырылған, — дейді үкіметтік емес ұйымдарға арналған ресурстық орталықтың жетекшісі, «Ақтөбе облысының азаматтық орталығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Гүлнар Қабиева.
Салтанатты рәсімге басқарма басшылары, ҮЕҰ өкілдері, т.б. қатысты.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



