«Халық заңгері» акциясы өтті

Акция
Ақтөбеде «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығының үшінші қабатында «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.
Акцияның мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Ғимараттың үшінші қабатында адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер мен сот орындаушылары және мемлекеттік органдардың басшылары, полиция қызметкерлері тұрғындарға тегін кеңес берді.
— Сағат 11.00-ден бастап отырмын. Бір сағаттың ішінде оннан астам адам келді. Көпшілігі отбасылық, әртүрлі құқықтық мәселелер және қылмыстық іске қатысты сұрақтар бойынша келді. Барлығына да кеңес бердік. Заң аясында қалай әрекет ету керектігін түсіндірдік. Жалпы, бұндай акция — тұрғындарға үлкен мүмкіндік. Сондықтан қандай да бір мәселе толғандырса, осы іс-шараны пайдаланып, тегін кеңес алуға шақырамын, — деді облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Айгүл Қалмурзина.
Ал облыстық әкімдік аппаратының бас инспекторы Жақсылық Нысаналин қабылдау өткізу туралы халыққа алдын ала хабарланғанын айтты.
— Қаламыздың үздік адвокаттары мен заңгерлері келушілерге жан-жақты кеңес беріп жатыр. Әр адамның сұрағын мұқият тыңдап, қажет болған жағдайда байланыс телефондарын жазып алуда, — деді ол.
Акицияға келген тұрғындар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алды.
— Жақын досыма үлкен көлемде қарызға ақша бергенмін. Алайда бір айдың ішінде қайтарамын деген досым қазір тіпті телефон тұтқасын көтермейді. Енді ақшамды қалай аларымды білмей жүрмін. Қазір осы жердегі мамандардан кеңес сұраймын, — деді өзін Ержан деп таныстырған тұрғын.
Аталған акция ҚР Үкіметінің қолдауымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет министрлігі, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, республикалық адвокаттар алқасы мен мемлекеттік билік органдары және еліміздің үздік заңгерлері мен адвокаттарының ұйымдастыруымен өтті.
Акция тек қала емес, аудандарда да ұйымдастырылды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



