Жаңалықтар

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді

Санақ

Елімізде ауқымды статистикалық зерттеу — Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Жолдасқали Беисов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл ауқымды науқан 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтпек. Мақсат — елдегі аграрлық саланың қазіргі ахуалын нақтылап, қажетті бағыттарды анықтауға көмектеседі
— Санақ екі кезеңмен жүзеге асырылады. Алдымен, 1–31 тамыз аралығында азаматтар арнайы сайтқа кіріп, қажетті ақпаратты өздері енгізе алады. Бұл кезеңде sanaq.gov.kz платформасы арқылы онлайн қатысу мүмкіндігі беріледі. Ал қыркүйектің 20-сынан бастап қазан айының соңына дейін сұхбат алушылар үй-үйді аралап, сауалнама толтырмағандармен жүздеседі. Әр үйге барып, сұрақтарға жауап алады. Бұған дейін маусым айында облыста дайындық жұмыстары басталып, тұрғындардың тізімі нақтыланады, — деді ол.
Сауалнамаға заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерден бастап, ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар қатысады. Жері, малы, бау-бақшасы бар тұрғындар да назардан тыс қалмайды. Өңірде шамамен 57 мыңдай үй шаруашылығы мен 10 мыңнан астам агроөндіруші қамтылады деген жоспар бар.
— Бұл жай ғана есеп жүргізу емес. Ауылдағы тіршіліктің нақты көрінісін көрсететін маңызды іс. Шешім қабылдауда дерекке сүйену — ең басты талап. Сондықтан тұрғындарды белсенділік танытуға шақырамыз. Бұл — ауыл тіршілігінің болашағына өз үлесін қосу деген сөз, — деді Жолдасқали Жұмабекұлы.
Науқанға қатысуды оңайлату мақсатында ауылдық округтер мен аудан орталықтарында арнайы бұрыштар жабдықталады. Мұнда тұрғындар ғаламторға қосылған компьютер арқылы сауалнаманы өздері толтыра алады. Сондай-ақ сұрақ туындаған жағдайда sanaq.gov.kz сайтындағы Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне немесе 1446 қысқа нөміріне хабарласуға болады.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button