Шегірткеге қарсы 151,2 мың гектар өңделді

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінд ешегірткеге қарсы күрес мәселелері мен атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Облыстық аумақтық инспекция басшысы Асылхан Әбтиевтің айтуынша, шегірткеге қарсы ауқымды күрес жүргізілуде. Химиялық өңдеу жұмыстары 512,9 мың гектар алаңда жүргізіледі деп жоспарлануда, оның ішінде 368,5 мың гектары жер үсті әдісімен, ал 144,6 мың гектары әуеден өңделмек. Бұл жұмыстарға барлығы 95 арнайы техника тартылды: 73 жерүсті вентиляторлы бүріккіш, 13 аэрозольді генератор және 9 жеңіл авиация ұшағы.
Айта кету керек, ауа райының күрт жылынуына байланысты биыл шегірткелердің дернәсілдері әдеттегіден ерте шықты. Сәуір айының соңы және мамырдың басында Шалқар, Ырғыз және басқа да бірнеше ауданда зиянкестердің жаппай пайда болуы тіркелді. Осыған байланысты өңдеу жұмыстары облыстың бірқатараудандарында 14 мамырдан басталды.
—Облыс шегірткеге қарсы қажетті пестицидтермен толық қамтамасыз етілген. Оларды «Бағжан», «Магтоксин», «Аэро» авиакомпаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жеткізуде. Мердігер ұйымдар техниканың басым бөлігін іске қосты. Мысалы, «Бағжан»жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 73 жерүсті бүріккіштің 61-ін жеткізді. Қазірдің өзінде Ырғыз, Байғанин, Ойыл және Шалқар аудандарына зиянкестердің ошақтарын өңдеу бойынша ұшақтар жіберілді,— деді Асылхан Әбтиев.
Облыста 1 маусымға дейін 803 мың гектардан астам жер зерттелді. Жоспарланған 172,6 мың гектардың 151,2 мың гектары өңделіп болды.
Өңірдегі қазіргі фитосанитарлық жағдайды ескере отырып, облыс әкімі Асхат Шахаров шегірткеге қарсы күрес бойынша мониторинг және жедел әрекет ету штабының күнделікті жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметтері, мердігер ұйымдар мен аудандық әкімдіктер арасында тұрақты үйлестіруді қамтамасыз ету қажет екенін алға тартты.
—Шегірткеге қатысты жағдай ерекше назар аударуды қажет етеді. Біз егінге зиян келтірмеуіміз керек. Штаб күн сайын отырыс өткізіп отыруға тиіс. Зиянкестердің кез келген ошағы—бұл шұғыл әрекет етуге арналған белгі. Өңдеуді уақытында және сапалы жүргізудің жалғыз жолы бар. Жұмыстар нақты, үйлесімді және кідіріссіз ұйымдастырылуы қажет,—деді облыс әкімі.
Д.АЙДАР.



