Жаңалықтар

Цифрландыру мәселелері талқыланды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мемлекеттік цифрлық саясаттың басым бағыттарын түсіндіру жұмыстары аясында өңірге жұмыс сапарымен келді.

Aqtobe IT Hub ғимаратында өткен кездесуге IT-қоғамдастық өкілдері, телекоммуникация операторлары, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтар қатысты. Кездесуде цифрландырудың негізгі аспектілері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар инфрақұрылымын дамыту және мемлекеттік қызметтерді жетілдіру мәселелері талқыланды.

— Жұмыс сапарының негізгі мақсаты — тұрғындармен тікелей диалог орнату. Тұрғындарға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің негізгі қызмет бағыттарын, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысын және болашақтағы жоспарларымызды түсіндіру үшін келдік. Бүгінде интернет сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мәселесі өзекті болып отыр.

Біз үнемі өңірлердегі мәселелерді анықтап отырамыз. 109 байланыс орталығына келіп түсетін өтініштер мен ұсыныстарды саралап, әкімдіктермен бірлесіп шешім қабылдаймыз. Бұл жолы да жергілікті тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, нақты проблемалық тұстарды белгіледік.Әсіресе шекара маңындағы ауылдық елді мекендерде интернет мәселесі өзекті. Қазіргі уақытта балама техникалық мүкіндіктер қарастырылып жатыр, — деген вице-министр жасанды интеллект саласының дамуы, бұл технологияны мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерге енгізу мәселесін, осы арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, азаматтарға тиімді, жылдам әрі ыңғайлы қызмет көрсету бағыттарын да түсіндірді.

Дмитрий Мунның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 93 пайызы онлайн форматта қолжетімді, ал пайдаланушылардың 90 пайызы мобильді қосымшаларды қолдану арқылы қызмет алып отыр. Тек 2024 жылы ғана цифрлық құжаттар сервисі 292 миллионнан астам рет пайдаланылған.

Кездесу барысында кейбір қызметтерді автоматтандыруға бағытталған «Invisible Government» жобасын іске асыру мәселесі де айтылды. Бұл бағдарлама арқылы, мәселен, сәби өмірге келген кезде құжаттарды қолдағы смартфон арқылы рәсімдеуге болады екен. Сонымен бірге балалардың мектеп асханаларында тамақтануын бақылау және бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ететін «Әлеуметтік әмиян» сервисі енгізілгені де айтылды.

Вице-министр өңірдегі интернет инфрақұрылымының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына да кеңінен тоқталды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыстағы 206 ауылдық елдімекендіт алшықты-оптикалық байланыс желісімен, тағы 24 ауылды спутниктік байланыспен қамту жоспарланған. Бұған дейін анықталған интернеті нашар 49 аумақтың 26-сы бүгінде мобильді байланыспен қамтылған, қалғаны жыл соңына дейін қосылмақ. Облыстағы 5G базалық станцияларының саны 84-ке жетті. Сонымен қатар автожол бойларында тұрақты сигнал мен цифрлық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 17 антенна-мачталық құрылым салынып жатқаны айтылды.

Кездесу соңында қатысушылар вице-министрге интернет сапасы мен мемлекеттік онлайн-сервистердің қолжетімділігіне қатысты сұрақтарын қойды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button