Жақсылық пен қамқорлық

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Жақсылық жаса» апталығы аясында «Аяла» балалар үйінде мерекелік іс-шара өтті.
Аталған шараға волонтерлер мен колледж оқушылары қатысып, балаларға мерекелік көңілкүй сыйлады. Волонтерлер орталық аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Жастар ән-жырдан шашу шашып, балаларға сыйлықтар тарту етті. Сондай-ақ Ғаділбек Жанай және Kalifarniya лақап атымен белгілі әнші Фархат Қалиев ән шырқап, балаларды мерекемен құттықтады.
— Апталық аясында күн сайын іс-шаралар өтеді. Бүгін «Аялада» концерт өткізсек, ертең ерекше балалардың орталығына барып құттықтаймыз. Міне, бүгін балаларға балмұздақтар, жеміс-жидек толы себет және өзге де сыйлықтарымызды ала келдік, — деді облыстық волонтерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Жалғасбаев.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәттілік тіледі. Балалардың құқығы, қауіпсіздігі және жазғы демалысты тиімді өткізу жөнінде әңгіме өрбітті.
— Балаларды қорғау күніне орай онкүндік іс-шара ұйымдастыру қолға алынды. Күн сайын оқушылар бекітілген жоспарға сай шараларға қатысады. Облыстағы барлық мектепте омбудсмендермен кездесу өтті. Балалардың құқығы жөнінде ақпарат беріліп, пікір алмасты. Облыстық мәслихат депутаттары да «Аяла» орталығының балаларымен кездесті, — дейді Д.Жаманбаева.
Аружан СМАҒҰЛОВА.



