Жаңалықтар

Неке және отбасылық өмірді реттейтін жаңа Кодекс:

Біздің өмірімізді өзгерте ме?

Еліміздегі неке және отбасы туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қайта шықты. Бұрынғы Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңы 1998 жылдың 17 желтоқсанында шыққан болатын. Жаңа заңның шығуына байланысты бұл заңның күші жойылды.

Жаңа заң, нақтырақ айтсақ, кодекс —  ҚР «Неке (ерлi-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс деп аталады. Аталған құжат 2011 жылдың 29 желтоқсанында қабылданды.

Бұрынғы заң 7 бөлімнен, 29 тараудан және 213 баптан тұрған-ды. Жаңа кодексте 7 бөлім, 33 тарау, 283 бап бар. Яғни, тарау мен бап көбейді. Бұл тараулар мен баптар не жөнінде? Заңға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді? Ақтөбе облыстық әділет департаментінің қызметкері Нүркен Уайдиннің көмегімен заң мен кодексті саралап көрген едік:

 

Суррогат ана болғыңыз келсе…

Біріншіден, кодекске суррогат ана туралы жаңа тарау енгізілді. Бұрынғы заңда бұл жөнінде бір тармақта ғана айтылған еді. Ендігісі — тұтастай тарау. «Суррогат ана болу және қосалқы репродуктивтiк әдiстер мен технологияларды қолдану» деп аталатын 9-тарау бірнеше тармақты қамтитын алты баптан тұрады. Бұл баптарда суррогат ана болу шарты, суррогат ана болу шартының мазмұны, суррогат анаға қойылатын талаптар, суррогат ана болу шарты тараптарының құқықтары мен мiндеттерi, қосалқы репродуктивтiк әдiстер мен технологияларды қолдану, суррогат ана болу шартының немесе қосалқы, репродуктивтiк әдiстер мен технологияларды қолданудың құқықтық салдары туралы айтылған.

Яғни, кодекске сәйкес, 20-35 жас аралығындағы  денсаулығы жақсы, дені сау баласы бар әйел суррогат ана бола алады, егер ол әйелдің күйеуі бар болса, әйел суррогат ана болу шартын жасау кезiнде күйеуінің нотариат тәртiбiмен куәландырылылған жазбаша келiсiмi болуы қажет. Кодекске сәйкес, «қосалқы репродуктивтiк әдiстер мен технологияларды қолдану нәтижесiнде өзi баланы көтеретiн және туатын әйел генетикалық ана болып табылады», алайда тапсырыс беріп отырған ерлi-зайыптылар суррогат ана болу шарты негiзiнде ол баланың ата-аналары болып танылады. Суррогат анамен шарт жасасқан тапсырыс беруші ерлi-зайыптылар баладан бас тартса, ана болу құқығы суррогат анаға беріледі, егер ол да бас тартса, бала мемлекет қамқорлығына берiледi. Осы және басқа да шарттар туралы кодексте толық жазылған.

 

Агенттіктер аккредиттеледі

Екінші. Жаңа кодекске «Бала асырап алу жөнiндегi агенттiктердi аккредиттеудi жүргiзу» атты тағы бір жаңа тарау енгізілді. Бұл тараудың жалпы ережелеріне сай, ендігі жерде өз мемлекеті аумағында осы салада филиалдар немесе өкiлдiктер құру жолымен өз қызметiн кемiнде он жыл жүзеге асыратын бала асырап алу жөнiндегi агенттiктер аккредиттеледі. Агенттік филиалдары мен өкілдіктері өздері орналасқан мемлекеттiң азаматтарына, агенттік орналасқан аумақта тұрақты тұратын басқа да мемлекеттердiң азаматтарына бала асырап алуда жәрдем көрсетеді. Және осы мәселеге қатысты құжаттарды реттейді.  Агенттiктердi аккредиттеудi жүргiзу тәртiбi, агенттiктер филиалдарының және (немесе) өкiлдiктерiнiң қызметiн ұзарту, тоқтата тұру және (немесе) тоқтату мәселелері, агенттiк филиалының және (немесе) өкiлдiгiнiң құқықтары мен мiндеттерi 14-тараудың төрт бабының бірнеше тармағында көрсетілген.

 

Балаға қосарланған ат беруге болады

Үшінші. «Баланың құқықтарын» белгілейтін 10-тараудың кейбір баптары да өзгеріске ұшырады. «Баланың атын өзара келiсiм бойынша ата-аналары немесе баланың басқа да заңды өкiлдерi бередi. Әкесiнiң аты ата-аналарының немесе баланың басқа да заңды өкiлдерiнiң тiлегi бойынша оның әкесi болып көрсетiлген адамның аты бойынша берiледi».

Сонымен бірге бұрын балаларға қосарланған ат беруге болмайтын болса, жаңа кодекс балаға бөлек жазылатын қосарланған ат беруге рұқсат етіеді, бірақ ол екі аттан аспауы керек. Ата-аналарының қалауы бойынша баланың тегі ретінде әкесінің аты, немесе әкесі жағынан да, шешесі жағынан да аталарының аты берілуі мүмкін.

 

Алиментті ата мен әже де төлей алады

Төртінші. «Отбасының басқа мүшелерiнiң алименттiк мiндеттемелерi» атты 21-тарауға,  «Алимент төлеу туралы келiсiм» атты  22-тарауға және  «Алименттi сот тәртiбiмен төлеттiру және өндiрiп алу тәртiбiн» белгілейтін 23-тарауға да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Бұл өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес,  егер кәмелетке толмаған бала өз ата-аналарынан күтіп-бағу қаражатын алуға мүмкіндігі болмаса, алимент төлеуге қажеттi қаражаты бар еңбекке жарамды, кәмелетке толған бiрге туған ағалары мен апаларынан сот тәртiбiмен алимент алуға құқығы бар. Ал ата-аналарынан да, бірге туған еңбекке жарамды кәмелетке толған бауырларынан да алимент алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда қаражаты жететін ата-әжесінен сот тәртібімен алимент алуға құқы бар. Сол секілді өзінің еңбекке жарамды балаларынан, не бұрынғы жұбайынан күтіп-бағу қаражатын алуға мүмкін болмаған жағдайда, көмекке мұқтаж атасы мен әжесі кәмелетке толған еңбекке жарамды немерелерінен сот тәртібімен алимент талап етуге құқылы.

Алиментке қатысты заңмен реттелетін тәртіптердің барлығын кодекстің 151-176 баптарынан оқи аласыздар.

 

Тіркелген жер емес, кіндігіңнің қаны тамған жер — туған жерің болып есептеледі…

Бесінші. Кодекске бұрынғы заңда болмаған ерекше бөлім енгізілді. Бұл бөлім аты айтып тұрғандай «Ерекше бөлім» деп аталады. Ерекше бөлім азаматтық хал актілеріне байланысты.

Ендігі жерде, кодекстің 188 және 189-баптарына сәйкес, жаңа туған баланы тіркеуді бала туған орын бойынша немесе ата-анасының, немесе олардың бірінің тұрғылықты жері бойынша тіркеуші орган жүргізеді. Туу туралы актінің жазбасындағы «баланың туған жері» деген орынға баланың тұратын жері емес, нақты туған жері, яғни, бала өмірге келген әкімшілік-аумақтық бірлік атауы көрсетіледі. Ал егер бала шет елде немесе экспедицияда, кемеде, ұшақ пен поезда туатын болса, онда баланың туған жері ретінде ата-анасының не олардың бірінің тұрғылықты жері көрсетіледі.

Өмірге келген баланы тіркеу туралы өтініш АХАЖ-ға екі ай мерзім ішінде, ал егер бала өлі туса, бес күннен кешіктірілмей берлуі керек. Сәбидің өмірге келуін тіркеуді белгіленген мерзім ішінде жүргізбесе, онда тіркеу үшін ата-ананың түсініктемесі, баланың туған жерi мен ата-анасының тұрғылықты жерi бойынша туу туралы жазбаның болмауы туралы анықтама, баланың денсаулығы туралы анықтама қосымша берiледi.

Неке қиюды мемлекеттік тіркеу орнын қарастыратын 221-бапқа сәйкес, неке қиюды адамдардың тілегі бойынша ел аумағындағы кез келген тіркеуші орган болашақ ерлі-зайыптылар бір ай бұрын өтініш бергеннен кейін жүргізеді.

«Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ҚР азаматтарының арасында және ҚР азаматтары мен шетелдiктердiң немесе азаматтығы жоқ адамдардың арасында қиылған неке, сол мемлекеттiң заңнамасын сақтай отырып жасалса, осы Кодекстiң 10 және 11-баптарында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады», — делінеді 230-бапта. Ал кодекстің 10, 11-баптары бойынша, некеге отырушылар 18-ге толған болуы керек және олар бір жынысты, басқа некеде тұрмауы, жақын туыстар болмауы қажеттігі секілді бірнеше талаптарға жауап беруі керек.

239-баптың 3-4 тармақтарында да біраз өзгеріс бар: Некенi бұзу туралы сот шешiмiнiң негiзiнде некенi бұзуды мемлекеттiк тiркеуді некенi бұзу туралы сот шешiмi шығарылған жер бойынша тiркеушi орган жүргiзедi.

Ал 4-ші тармақта былай делінеді: «Қазақстан Республикасы азаматының некесiн (ерлi-зайыптылығын) бұзуды мемлекеттiк тiркеу шет мемлекеттiң некенi (ерлi-зайыптылықты) бұзу туралы күшiне енген сот шешiмiнiң негiзiнде азаматтың тұрғылықты жерi бойынша тiркеушi органда жүргiзiледi».

 

Аты-жөніңіз оғаш естіле ме? Ауыстырып алыңыз!

Кодекстің 30-тарауына сәйкес, он алты жасқа толған адамның атын, әкесiнiң атын, тегiн ауыстыруға құқы бар. Оны тiлек бiлдiрген адамның жеке өтiнiшi бойынша тiркеушi органдар жүргiзедi. Атын, әкесiнiң атын, тегiн ауыстыруға мынадай дәлелді жайттар себеп болуы мүмкін:
—  атының, әкесiнiң атының, тегiнiң оғаш естiлуi;

—    атының, әкесiнiң атының, тегiнiң айтуға қиындық келтiруi;

—    егер некенi мемлекеттiк тiркеу кезiнде некеге дейiнгi тектерiнде қалса, жұбайымен ортақ текте болғысы келген жұбайдың тiлегi;

—    егер неке бұзылған кезде бұл туралы мәлiмделмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуi;

—    бұрынғы некеден туған балаларымен ортақ текте болғысы келуi;

—    жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейiнгi тегiн алғысы келуi;

—    жұбайы қайтыс болған жағдайда өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келуi;

—    өтiнiш берушi таңдаған ата-аналарының бiрiнiң ұлтына (ата-аналарының ұлты әртүрлi болған кезде) сәйкес келетiн атты және (немесе) тектi алғысы келуi;

—    құжаттардағы атынан өзгеше, өмiрде нақты қалыптасқан атын алғысы келуi;

—     егер некеге отырған кезде жұбайының тегi қабылданса, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуi;

—    ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуi;

—     өтiнiш берушiнi iс жүзiнде тәрбиелеген адамның тегi мен аты бойынша тектi және әкесiнiң атын алғысы келуi;

—    жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде таңдаған жынысқа сәйкес келетiн атты, әкесiнiң атын, тектi алғысы келуi кезiнде жүргiзiледi.

264-бапқа сәйкес, атын, әкесiнiң атын, тегiн ауыстыруға байланысты бұл туралы акт жазбасының негiзiнде адамның өзiне қатысты жасалған туу туралы акт жазбасына ғана өзгерiс енгiзiледi. Басқа жазбаларға өзгерiстер енгiзу жүргiзiлмейдi. Атын, әкесiнiң атын, тегiн ауыстыру жүргiзiлгенiн растау үшiн белгiленген үлгiдегi атын, әкесiнiң атын, тегiн ауыстыру туралы куәлiк көрсетiледi.

Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу

 

Қайтыс болуды мемлекеттiк тiркеу медициналық ұйым берген, қайтыс болу туралы белгiленген нысандағы құжатты, қайтыс болу фактiсiн белгiлеу туралы немесе адамды қайтыс болды деп жариялау туралы соттың заңды күшiне енген шешiмi негізінде жүргізілетін болады.

273-бапқа сәйкес,  қайтыс болу мемлекеттік тіркелгеннен кейін қайтыс болу туралы куәлiк марқұмның мұрагерлері қатарына кіретін жақын туыстарына,  не ол қамқорлықтарында болған азаматтарға, сондай-ақ қайтыс болған адам тұрған немесе жазасын өтеген мемлекеттiк ұйымдар әкiмшiлiгiнiң өкiлдерiне берiледi. Басқа туыстарына бұл куәлiк мұрагерлiк iс қарауында жатқан нотариустың хабарламасы бойынша берiледi. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеудің мерзімі көрсетілмеген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button