Баланы өз бетімен суға түсуге жібермеңіз

Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алдағы суға түсу маусымына әзірлік барысы айтылды. Облыста бұл маусымды ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген.
Жиында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Жанболат Төлепбергенов айтқандай, өңірдегі су айдындарында халыққа демалыс орындарын ұйымдастыру үшін 64 орын қарастырылған. Аталған департаментке демалыс орындары орналасатын жерлерді тексеру жөнінде 69 өтінім түсті. Бүгінде Ақтөбе қаласы, Шалқар мен Алға аудандарынан басқа аудандарда тексерістер аяқталған. Барлығы 46 орын тексеріліп, оның 24-іне суға түсуге рұқсат беріліп отыр. Енді осы орындарда құтқарушылар кезекшілігін ұйымдастырып, оларды құрал-жабдықтармен қамту жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
Бұдан бөлекжағажайларда жұмыс істеу үшін 40 жасақшы құтқарушыны оқыту жоспарланған. Жалпы, биылғы маусымда облыстың су айдындарындағы қауіпсіздікті ұйымдастыруға367 адам жұмысқа тартылады. Олардың 60-ы — еріктілер. Өзгелері — төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің, полиция мен әскери бөлімдердің қызметкерлері.
Қауіпсіздікті сақтауға, әсіресе демалушылар ерекше көңіл бөлуі керек. Балаларды жаз кезінде қараусыз қалдыруға, өз бетімен су жағасына жіберуге болмайды. Өткен жылы облыста 13 адам суға кетіп көз жұмса, соның алтауы — бала.
Сондай-ақмас, есірткі қабылдаған күйде шомылуға; қайықтардан, катерлерден, өткелдерден суға секіруге;тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға түсуге;су айдындарын ластауға және қоқыс тастауға; жағалауға қоқыс тастауға; жалған дабыл беруге тыйым салынады.
А.САРЫБАЙ.



