Келелі кездесу

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мәдениет, спорт және денсаулық сақтау салаларының өкілдерімен кездесті. Іс-шара шығармашылық академиясында өтті.
Кездесуді ашқан облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда жүктеген тапсырмаларын іске асырудың маңыздылығын сөз етті. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов спорт саласының жетістіктерін айтты. Оның ішінде жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына тоқталды.
— Мемлекет басшысының жаңа футбол стадионын салу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе қаласында биыл 35 000 орынға арналған стадионның құрылысы басталады. Жаңа стадион тек жергілікті жанкүйерлерге емес, сонымен қатар қала қонақтары үшін жиі жиналатын орынға айналатынына сенімдімін, — деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ жиында облыстық денсаулық сақтау саласының өкілдері де атқарылып жатқан шаруаларды баяндады.
Президент тапсырмаларының өңірде орындалу барысымен танысқан Мәлік Отарбаев сапарының мақсатын түсіндірді.
— Ұлттық құрылтайдағы Мемлекет басшысының сөйлеген сөзі — мемлекеттік маңызы бар құжат. Сондықтан да Президент кеңесшісі ретінде облыстарды аралап, ірі қалаларға барып осындай кездесулерді өткіздім. Алдағы уақытта да бүкіл өңірлерді аралаймыз. Әсіресе мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салаларының өкілдерімен кездесу жоспарланып отыр.
Ұлттық құрылтай — қоғамдағы қордаланған мәселелермен бірге, бірқатар қиындықтарды еңсеру мақсатында құрылған үлкен ауқымды алаң. Бұл жерде ұлттық құрылтай мүшелері қоғамды толғандырып, алаңдатып отырған көкейкесті мәселелерді көтеріп, солардың түбегейлі шешімін табу мақсатында түрлі ұсыныстар айтады. Президент сол ұсыныстарды тыңдап, түбегейлі шешім табу мақсатында өзінің тапсырмаларын береді,— деді.
Сондай-ақ құрылтайда Мемлекет басшысы назар аударған негізгі мәселе ретінде қоғамдық мәдениетті дамыту төңірегінде айтылды. Оның ішінде идеология да, рух та, ұлттық әдебиет те, баспасөз де екеніне баса тоқталды.
Жиын соңында қатысушылар сұрақтарын қойды, пікір алмасты.
Кәмшат ҚОПАЕВА.