Жаңалықтар

Президент Кеңесшісі Ақтөбе облысының активімен кездесті

 Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың облыс активімен жұмыс кездесуі өтті.

Іс-шараға өңір басшысы Асхат Шахаров, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Облыс активінің алдында сөйлеген сөзінде Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын іске асыру барысы жөнінде пікір алмасу және билік пен қоғам арасындағы кері байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін осындай диалог алаңдарының маңызын атап өтті.
🗯️

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында: біздің басты міндетіміз – әр азамат тең мүмкіндіктерге ие болып, мемлекет қолдауын сезінетін әділетті қоғам құру екенін нақты айтты. Мен он өңірді аралап шықтым, Қазақстанның берік әрі өркендеген болашағы өңірлерді дамыту арқылы қалыптасатындығына көзім жетті. Бүгін біз Ақтөбе облысындамыз – сіздерді тыңдап, бірге алға қадам басу үшін келдік. Президент идеяларын жүзеге асырып, елімізді баршаға әділетті әрі қуатты ету – тек бірлескен күш-жігер арқылы мүмкін екендігін айтқым келеді»,

– деді Президент кеңесшісі.

🔹Мәлік Отарбаев сонымен қатар, өңірлерді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін алға тартып, Мемлекет басшысы айтқан негізгі бағыттарға тоқталды. Әсіресе «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы – барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасауға, биліктің ашықтығы мен барлық деңгейдегі басқарушылардың жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Аймақ басшысы Президент тапсырмалары өңір үшін нақты бағдар екенін, бүкіл жұмыстың осы бағытта жүргізіліп жатқанын жеткізді. Басты міндеттер – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, халық бірлігін нығайту, жастарды қолдау, инфрақұрылымды дамыту және тұрақты экономикалық өсім үшін жағдай жасау.

🗯️

«Ұлттық құрылтай бүгінде бүкіл халықты біріктіретін, жалпыхалықтық мәселелерді талқылау алаңына айналды. Бұл тек тапсырмаларды орындау емес, әр тұрғынның пікірін және қажеттілігін ескеріп, жұмыс істеу дегенді білдіреді. Ақтөбе облысы – ұлттық бастамаларды жүзеге асыруда оң нәтижелер көрсетіп отырған стратегиялық маңызы бар өңір. Біз қоғамдық жобаларды қолдауды, жаңа бастамаларды енгізуді және әлеуметтік қолдау жүйесін нығайтуды жалғастырамыз. Бұл өзгерістер әр азаматтың өмірінде сезілуі тиіс»,

– деді өңір басшысы.

Кездесу барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуеті туралы баяндама жасады. Шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне баса назар аударылды.

Кездесуде өз ұсыныс-пікірлерін облыстық мәслихаттың депутаты, ҚХА Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының қоғамдық орынбасары Сергей Вишняк пен қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Aqtóbe» телеарнасының бас редакторы Бибігүл Биманова білдірді.

🔹Кездесу қатысушыларының негізгі назары Ұлттық құрылтайда белгіленген басты міндеттерге – өңірлерді дамытуға, әлеуметтік инфрақұрылымды қолдауға, ұлттық идеологияны ілгерілетуге, ақпараттық қауіпсіздік пен азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталды.

🗯️

«Президенттің Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдағы баяндамасы – еліміздің даму бағыттарын нақты айқындайтын бағдарламалық құжат. Онда ұлттық бірлікті нығайту, мәдени болмысты сақтау және әлеуметтік әділеттілікке ерекше мән берілген. Бұл – қоғамымыздың іргетасы. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл міндеттерді іске асыру үшін ағартушылық жобалар мен патриотизм мен келісімді нығайтуға бағытталған бастамаларды қолға алуда. Біздің көпэтносты өңірімізде әрбір мәдениет пен дәстүр маңызды, себебі өзара құрмет пен бірлік – тұрақтылық пен дамудың берік негізі»,

– деді Сергей Вишняк ҚХА атынан сөйлеген сөзінде.

«Ұлттық құрылтай еліміздің дамуында жаңа парақ ашып отыр. Бұл – рухани, әлеуметтік және саяси күш-жігерді бір арнаға тоғыстыратын алаң. Мәдениет пен әлеуметтік саланы қолдау – өңірлердің тұрақты дамуының негізі. Ақтөбе өңірінде де бұл аса маңызды. Журналист ретінде менің міндетім – осы бастамалардың маңызын қоғамға жеткізу, адамдарға олардың ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндіру»,

 – деп атап өтті Бибігүл Биманова.

🔹Кездесу соңында қатысушылар ортақ мақсаттарға қол жеткізу және өңірдің өркендеуін қамтамасыз ету үшін күш біріктірудің маңызын атап өтіп, бірлескен жұмыс пен белсенділік жоспарларды табысты іске асыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button