Жаңалықтар

Білімді имам игілікке бастайды

Дін

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев имамдармен кездесті.

— Сіздермен әр сапарымда дидарласып, пікір алмасуым тегіннен-тегін емес. Өйткені имамдар, жалпы дін саласындағы қызметкерлер жамағатқа — ұстаз. Өздеріңізге қарап көп адам бой түзейді, ақыл-кеңес сұрайды. Сондықтан сіздермен осымен үшінші рет кездесіп отырмын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Ұлттық құрылтайдағы бағдарламалық баяндамасы — мемлекеттік маңызы бар құжат. Биылғы ұлттық құрылтайда көтерілген 53 мәселе бойынша 53 тармақтан тұратын құжат қабылданды. Көтерілген мәселелер түбегейлі шешілу үшін Президент бірқатар тапсырма берді. Ол іс жүзінде көрініс табуы үшін барлығымыз жұмыла жұмыс істеп, аталған мәселелерді шешуге белсенді атсалысуымыз қажет. Сол мақсатта жер-жерде түрлі сала өкілдерімен кездесіп, пікір алмасып жүрміз.
Әрқайсысымыз зайырлы мемлекеттің өкілі болғандықтан, қай нәрсеге де ұлттық идеология, қазақы таным-түсінік жағынан келуіміз керек. Ол үшін білімді болу шарт. Мешіттер жанында кітапхананың болуы қажеттігі, онда тек діни кітаптар емес, әдебиеттің жауһарлары табылса деп тілек білдіруім сондықтан. Көзі ашық, көкірегі ояу адам ғана жетістікке жететінін ұмытпаған абзал, — деген Мәлік Отарбаев Президенттің теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қоюды мықтап тапсырғанын атап өтті.
Облыстың бас имамы Амантай Садиев Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде елімізде дін бостандығына кепілдік берілгенімен, жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайтыны жайлы айтқанын еске салды. Жат ағымның жетегінде кеткендер жиі баратын мешіттердің тізімі жасақталғанын, имамдардың біліктілігін көтеру күн тәртібінен түспегенін тілге тиек етті. Сондай-ақ қазақ қыздарының бет-жүзін тұмшалап, қара жамылмай, ұлттық киіммен жүргені қай жағынан да дұрыс екені айтылды.
Ал Қобда ауданының бас имамы Абай Шымболатов өлкеде 5 мешіттің барын, имамдардың кәсіби білімі талапқа сай екенін баяндады. Оның айтуынша, ауылдағы діни мекемелерге көркем әдебиет пен газет-журналдар ұдайы жеткізіледі.
Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан жүргізіп отырды.
Ресми деректерге сүйенсек, өңірде 160-тан астам имам бар.
Түс ауа Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев білім, медицина, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлерімен жүздесіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан ғимараттың құрылысымен танысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button