ЖастарЖаңалықтар

Іріктеу басталады

Президенттік жастар кадр резерві

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметке білікті, бастамашыл әрі жауапты жастарды тарту мақсатында құрылған Президенттік жастар кадр резервіне кезекті төртінші іріктеу басталмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып келе жатқан бұл бастама 2019 жылдан бері тұрақты түрде жүргізілуде. Осы уақытқа дейін үш іріктеу кезеңінде 60 мыңнан астам азамат қатысып, 400 үміткер резервке алынған. Олардың 318-і, яғни 80 пайызы бүгінде мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарда қызмет атқаруда. — Биылғы іріктеудің басты жаңалығы — салалық бағыттар бойынша пропорционалды іріктеу жүйесі енгізіледі. Бұл әрбір кезеңде нақты сала бойынша белгіленген квоталарға сай үміткерлердің іріктелуін қамтамасыз етеді. Үміткерлерге бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сақталатын болады. Яғни кандидаттардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен болмауы қажет. Президент тағайындаған тұлғалар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері мен бұрын резервке алынған азаматтар іріктеуге қатыса алмайды, — деді спикер.
Іріктеу 6 кезеңнен тұрады. Ол маусым мен қазан айлары аралығында өткізіледі.
Құжаттарды қабылдау кезеңі 1-30 маусым аралығында арнайы ақпараттық жүйе арқылы онлайн өтеді. 2-10 тамыз аралығында мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті тексеріледі. Ол үшін үміткер тесттен өтеді. Ситуациялық тапсырмалар, құзыреттерді бағалау, сарапшылық комиссиямен сұхбат кезеңдерінің де нақты уақыты белгіленген. Қазан айының соңына дейін резервке 50 үздік кандидат қабылданады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button