Мәдениет

«Абысын тату болса…»

Байқау

Қалалық Мәдениет үйінде Халықаралық отбасы күніне арналған«Абысын тату болса…» атты облыстық байқау өтті.

Байқауды облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды. Іріктеу кезеңдері 11-30 сәуір аралығында облыс аудандарында және қалалық мәдениет мекемелерінде өткізілді. Нәтижесінде облыс бойынша 13 әулеттің келіндері облыстық байқауға қатысты. «Сәлем — сөздің анасы» кезеңінде

әр әулетті екі-үш келін таныстырды. «Салты мықтының —  халқы мықты» кезеңінде қазақтың салт-дәстүріненкөрініс қойды. Ал «Ана әлдиі» кезеңінде бесік жырын айтып, «Қазақ келінінің бейнесі» кезеңінде киім үлгісін көрсетті. Сондай-ақ «Абысын тату болса, ас көп» кезеңінде отбасының сүйікті ұлттық тағамын ұсынды.

— Үш ауданнан отбасы мүшелері келе алмағанына қарамастан, байқау өте қызықты әрі әсерлі өтті, — дейді облыстық халық шығармашылығы үйінің жетекшісі Гүлзира Қалиева.

Әйтеке би ауданынан келген Гүлзат Әріпова 16 жылдан бері тұрмыста екен, төрт бала тәрбиелеп отыр. Байқау аясында оның отбасы қазақтың «Қыз жасауы» дәстүрінің ерекшеліктерін көрсетті. Ойыл ауданыШығанақ Берсиев ауылынан келген Имахановтар әулетінің үш келіні отбасының сүйікті ұлттық тағамына тарыдан тоғыз түрлі дәм жасап әкеліпті.

Ал Әйгерім Сәдіғалиева — Ырғыз ауданында өткен келіндер байқауының жеңімпазы. Кітапханада кітапханашы болып жұмыс істейді. Отбасылы болғанына 14 жылға жуықтаған. Бүгінде Әйгерім күйеуімен бірге бес бала тәрбиелеп отыр.Ол тұрмысқа шыққанға дейін Атырау облысы Құлсары қаласында тұрған. 21 жасында тұрмыс құрған ол алғашында ет пісіруді де білмегенін айтады.

—Ырғызға  келін боп түскенде, мұнда газ да, су да, тіпті ұялы байланыс пен ғаламтор да болмады. Пеш жағып, суды құдықтан тасып ішуге тура келетін. Бірақ сол қиындықтар мені шыңдады.Бастапқыда ет асу, қамыр илеу, жайма жазуды білмейтінмін. Қазір көз жұмып тұрып та жасай аламын. Үйімізде әрдайым дайын өнімдер бар — қуырып қатырып қойған қуырдақ, сорпа, ет. Қонақ кез келген сәтте келіп қалуы мүмкін, ал біз әрдайым дайынбыз. Нағыз үй шаруасын ешқандай мектеп үйрете алмайды, оған өмір мен отбасы ғана баулиды, — деді Ырғыздың келіні.

Байқауға танымал аналар — ұстаз Сара Қыстаубаева, актриса Шалқия Бақытжанова, мәдениет саласының үздігі, өлкетанушы Алмагүл Сарыбай мен «Алтын алқа» иегері, медиатор Бибігүл Әбдішүкірқызы төрелік етті.

Әулеттіңтатулығы мен ынтымақ-бірлігін нығайтуға бағытталған абысындар мен  келіндерге арналған облыстық байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Байғанин ауданынан келген Көрпебаевтар әулетінің келіндері — Жанат Ермұратова, Мейрамгүл Бермағанбетова, Райхан Жұбанышова жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама алды.

І орынға Алға ауданындағыМырзағұловтар әулетінің келіндері — Рәзия Еркебұланова мен Айгүл Маханова ие болды. ІІ орынды Хромтау ауданындағыҚойлыбайәулетінің келіндері — Мөлдір Қосанова, Жұлдызай Тыныштықбайқызы, ал ІІІ орынды Темір ауданынан қатысқанМансұровтар әулетінің келіндері — Айнаш Сағындық, Әйгерім Келдікова иеленді.

Байқауға белсенді қатысқан әулеттің келіндері де«Шаңырақ шаттығы», «Көргенді келін», «Өнегелі абысын»,  «Ұрпаққа үлгі», «Отбасының берекесі», «Өнерлі келін», «Сән мен салтты үйлестірген келін», «Әулеттің сәулелі келіні», «Үлгілі келін» секілді атаулы номинацияларға ие болды. Барлық жүлдегерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Байқау аясында фойеде аудандардан келген қолөнер шеберлерінің көрмесі де ұйымдастырылды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button