Басты жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының жариялануы шын мәнінде еліміз үшін тарихи оқиға болды. Құрамына мемлекеттік органдар өкілдері, сарапшылар, заңгерлер, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері кіретін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия осы ауқымды құжатты әзірлеуде. Осы орайда біз облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Гүлқасима Сүйінтаевамен жаңа өзгерістер мен реформалардың ел болашағы үшін маңызын сұраған едік…

— Гүлқасима Рамазанқызы, сіз Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесісіз. Осы жауапты міндеттің маңызы мен жауапкершілігі жайлы айтып берсеңіз.
— Мен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамына ендім. Бұл — үлкен сенім әрі жауапкершілік. Комиссия жұмысының негізгі мақсаты — елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған, қоғамның сұранысына сай жаңа Конституция жобасын әзірлеу. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, сарапшылар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің төрағалары, азаматтық қоғам өкілдері енді. Жұмыс барысында қазақстандықтардан екі мыңнан астам ұсыныс түсті, оның ішінде электронды платформалар арқылы келіп түскен өтініштер де көп. Бұл халықтың реформаларға бейжай қарамайтынын көрсетеді. Бүгінде аталған комиссияны Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова басқарады, оның орынбасарлары — Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-Министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Жұмыс ашық түрде жүргізілді, әр бастама талқыланып, әртүрлі перспективалар ескерілді.
Комиссия мүшелері Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайтын барлық тарау мен 77 бапты қамтыған негізгі Заңға енізілетін ұсыныстарды жан-жақты қарады. Негізгі заң жобасы қазіргі қоғамдағы сұраныс пен елімізде болып жатқан нақты өзгерістерді ескере отырып, жарты жылға жуық уақыт бойы әзірленді.
— Құжаттың негізгі мәні неде? Қандай бөлімдерге ерекше назар аударылды?
— Жаңа Конституция жобасының кіріспесінде еліміздің басты ұлттық құндылықтары айқын әрі нақты көрініс тапқан. Онда қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен өркениеттің терең тарихи тамыры, Ұлы даладағы мемлекеттер сабақтастығы атап көрсетіледі. Егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығы өзгермейтін қағидаттар ретінде бекітілген. Сондай-ақ кіріспеде «Әділетті Қазақстан» құндылығы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты нақты белгіленген. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланып отыр. Этносаралық және конфессияаралық келісім қоғамдық бейбітшілік пен орнықты дамудың негізі ретінде көрсетілген. Ал білім, ғылым, мәдениет пен инновация елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты факторлар ретінде айқындалды. Табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық жауапкершілік те жалпыұлттық құндылық ретінде бекітілген.
Конституцияның бірінші бөлімінде мемлекеттің басқару нысаны нақты айқындалды.
Қазақстан — президенттік республика. Президент мемлекет пен атқарушы биліктің басшысы болып қала береді. Бұл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.
Маңызды жаңалықтың бірі — халықтың мемлекеттік биліктің ғана емес, егемендіктің де бірден-бір иесі екендігі нақты бекітілді. Бұл норма мемлекеттік биліктің заңдылығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен қатар республикалық референдум ұғымы «жалпыхалықтық референдум» деп өзгертілді. Бұл ең маңызды мәселелерді бүкіл халықтың тікелей қатысуымен шешуге бағытталған.
Азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жауапкершілікті күшейтетін заңдардың кері күші болмайтыны нақты белгіленді. Бұл — құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ететін және әділеттілік қағидатына сай келетін маңызды норма.
Ал Конституцияның екінші бөлімі «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталып, адам құқығына ерекше мән берілді. Өмір сүру құқығы абсолютті әрі ажырамас құқық ретінде бекітіледі. Әр адамның жеке бас бостандығына кепілдік беріледі.
Ар-намыс пен қадір-қасиеттің қорғалуы, жеке өмірге қол сұқпау, жеке және отбасылық құпияны сақтау, дербес деректерді қорғау нормалары кеңейтілді. Цифрлық технологияларды қолдану кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау алғаш рет Конституция деңгейінде нақты көрсетіліп отыр. Сол сияқты еңбек ету құқығы нақтыланып, әр азаматтың табиғатты қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарауы міндеттелді.
Экологиялық жауапкершілікті Конституцияда көрсету тұрақты даму саясатының берік құқықтық негізін қалыптастырады.
— Мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер туралы не айтасыз?
— Қазақстанда президенттік басқару жүйесі сақталады. Президент Мемлекет басшысы және атқарушы билік болып қала береді. Бұл «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» формуласына толық сәйкес келеді. Бұл ретте халықтың мемлекеттік билік пен егемендіктің бірден-бір бастауы ретінде қалыптасуы өте маңызды.
Сондай-ақ елімізді жаңа институт – Вице-президент лауазымы енгізілу жоспарлануда.
Вице-президент Президенттің тапсырмасымен ел ішінде және халықаралық деңгейде өкілдік етеді. Бұл лауазым иесінің партиялық немесе кәсіпкерлік қызметпен айналысуына тыйым салынады, бұл саяси бейтараптықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Парламент орнына бір палаталы Құрылтай құрылады. Құрылтай 145 депутаттан тұрады және бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланады.
Бұл саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару үдерісінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Заң жобаларын үш оқылымда қарау тәртібі енгізіледі.
Сондай-ақ Құрылтайда әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған партиялық квоталар сақталды. Құрылтай Конституциялық Соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын бекітуге өкілеттік алады.
— Конституцияда қандай жаңа органдар мен механизмдер қарастырылған?
— Жаңа Конституцияда Қазақстан Халық Кеңесі деген жоғары консультативтік орган құрылады. Халық Кеңесі заң шығару бастамасын көтеру және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы ұсыныс енгізу құқығына ие болады. Сонымен қатар Конституциялық Соттың мәртебесі күшейтіліп, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз орган ретінде бекітіледі. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бөлімі де қайта қаралды. Бұл өзгерістер өңірлердің рөлін күшейтуге, жергілікті деңгейде шешім қабылдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жалпы, Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық өтті. Барлық отырыс тікелей эфирде көрсетілді. Біз комиссия мүшелері ретінде тек Конституция жобасын дайындадық. Ал түпкілікті шешімді халық республикалық референдумда қабылдайды. Бұл — еліміздің болашағына қатысты тарихи таңдау. Сондықтан оған әр азаматтың саналы түрде қатысуы аса маңызды.
Қазіргі таңда Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасуда. Ұсыныстар e-Otinish және eGov порталдары арқылы түсіп жатыр.
Қорыта айтсақ, Конституциялық реформалар — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің саяси жүйесін кешенді және дәйекті жаңартуға бағытталған бастамаларын жүзеге асырудағы маңызды кезеңі. Бұл әділеттілік, заң үстемдігі және үкіметтің қоғам алдындағы жауапкершілігі құндылықтарына негізделген мемлекет дамуының ұзақ мерзімді стратегиясын көрсетеді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button