МӘСЛИХАТТЫҢ ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ АРТАДЫ

Жаңалық АХАШ,
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты
Жаңа Конституцияның жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртумен қатар, өкілдік биліктің мазмұнына да жаңа талаптар қойып отыр. Соның ішінде мәслихат депутаттарының рөлі мен халық алдындағы жауапкершілігі айқындалып, нақты міндеттермен толықтырылуы — маңызды өзгерістердің бірі.
Қазіргі таңда мәслихат депутатының халықпен жұмысы көбіне жеке белсенділікке байланысты болып келді. Кездесу өткізу, есеп беру, кері байланыс орнату заңмен көзделгенімен, оның жүйелілігі мен міндеттілігі әрдайым бірдей деңгейде болған жоқ.
Өкілдік мандат — құқық қана емес, ең алдымен жауапкершілік. Халықтың сеніміне ие болған соң, сол сенімнің қалай ақталып жатқанын түсіндіру — демократиялық қоғамның қалыпты тәжірибесі.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында Парламенттің орнына Құрылтай институтының енгізілуі көзделіп отыр. Бұл — заң шығару ісіне қоғамның кеңірек қатысуына жол ашатын жаңа модель. Ал Халық кеңесі бұрынғы Құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының біріккен, жаңартылған формасы ретінде ұсынылуда.
Маңыздысы — Халық кеңесінің құрамына мәслихат депутаттарының да мүше болуы қарастырылып отыр. Меніңше, бұл — мәслихат депутаттарына деген сенімнің айқын көрінісі. Яғни жергілікті деңгейде халықпен тікелей жұмыс істеп жүрген өкілдердің пікірін елдік деңгейдегі шешімдерде ескеру ниеті бар екенін көрсетеді.
Осылайша жаңа Конституция мәслихат депутаттарын формальды өкіл емес, халықпен тығыз әрі тікелей жұмыс істейтін, елдік үдерістерге де араласатын жауапты тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді. Бұл — жергілікті демократияны күшейтіп қана қоймай, халықтың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған маңызды қадам.


