Шаштараз курсы бойынша оқыту басталды

Қолдау
Өңірде «Мансап» орталығы арқылы жаңа кәсіпті меңгергендер қатары артып келеді. Осы орайда Есет батыр тұрғын алабындағы №2 шағын ауданда орналасқан «MNbrand» әсемдік салоны жанындағы «Beautymania» оқу орталығында жұмыссыз әйелдер үшін үш айлық шаштараз курсы бойынша оқыту басталды.
«Мансап» орталығының маманы Райымгүл Қожантаеваның айтуынша, биыл жұмыссыз ретінде тіркелген 120 адам түрлі мамандық бойынша курстарда оқып, жұмысқа орналасады.
— Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында басталған жобаның мақсаты — жұмыссыздарды жұмыспен қамтып, олардың білімін шыңдау. Курсқа қабылдау 23 сәуірде басталды. Бүгінде шаштараз курсында — 10, пішуші курсында — 12, тігіншілік курсында 9 адам оқып жатыр. Бұдан бөлек алдағы уақытта жұмыссыздарға кондитер, аспаз, слесарь-сантехник курстары оқытылады. Мұнда ынталы қатысушылар теориялық білім алып, үйренгенін тәжірибе жүзінде пысықтайды. Курсты аяқтағанша білім алушыларға 43574 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Былтыр 160 адам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеріп шықты. Оның 141-і жұмысқа орналасып, 39 адам өз еркімен, әртүрлі себеппен оқуды жалғастырудан бас тартқан.
Жұмыссыз қала тұрғындарын Некрасов көшесі, 112 мекенжайында орналасқан жұмыспен қамту орталығында күтеміз. Мұнда жұмыссыздарға кеңес беріліп, олар мамандығына қарай курс оқуға бағытталады, — дейді ол.
«MNbrand» әсемдік салонының иесі Мәдина Жалғасбаева бұл жобаның жұмыссыздар үшін жақсы мүмкіндік екендігін айтады.
— Алғашында сән салонын жалға алып жұмыс жасадым. Бүгінде жеке кәсіпкер ретінде «MNbrand» әсемдік салонын ашып, шаш қиюға икемді қыз-келіншектерді шаштараз курсы бойынша оқытып жатырмын. Қазір 10 адам ерлерге арналған шаш қию үлгісін үйреніп жатыр. Алдағы уақытта жоба қатысушылары локон, каскад, пикси, боп, лесенка, асимметрия, табиғи және химиялық жолмен жасалатын шаш бұйрасы (биозавивка) сынды шаш үлгілерін жасау жолдарын меңгереді. Шаш үлгісі адамның бет-пішініне, жасына, шашының қалыңдығы немесе жұқалығына қарай жасалатындықтан оларға, ең алдымен, теория жүзінде дәріс беріледі, — дейді жеке кәсіпкер.
Курста оқып жатқандардың бірі — Гауһар Мұсаева. Ол әдемі болу үшін қыз-келіншектер бет терісіне күтім жасап қоймай, шаш үлгілерін де жаңартуға тиіс деген пікірде.
— 13 сәуірде «Мансап» орталығына жұмыссыз ретінде тіркелдім. Қазір білікті мамандардан шаш қиюдың түрлі әдістерін үйреніп жатырмын. Көпбалалы анамын. Бір қуантарлығы, курсты оқып бітіргеннен кейін сән салонында бір жыл көлемінде еңбек ете аламыз. Өзіне күтім жасайтын әйел кем дегенде шаштаразға айына екі мәрте келеді. Ерлерге қарағанда әйелдер шашын жиі сәндейді. Ал біздің ендігі мақсатымыз — келушілердің көңілінен шығып, әдемі шаш үлгісін жасау, — дейді жоба қатысушысы.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



