Жаңалықтар

Жұмысшы әйелдер бас қосты

Форум

Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына және Жұмысшы мамандықтары жылына орай жұмысшы әйелдердің өңірлік форумы өтті.

Amanat партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты ұйымдастырған өңірлік форумға өндірістік салада еңбек етіп жүрген жұмысшы әйелдер, партияның облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұлов, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева мен қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова,сондай-ақ комиссия мүшелері қатысты.

Жиынды партияның облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының кеңесшісі Күлшат Масалимова жүргізіп отырды. Форумның ашылу салтанатында алғысөз айтқан Amanat партиясының облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов өңірдегі әйелдердің белсенділігіне тоқталды.

— Бүгінгі таңда әйелдер қауымы барлық салада жемісті еңбек етіп жүр.

Мәселен, облыс көлемінде 949 мыңнан астам халықболса, оның 51 пайызы — әйелдер. Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда облыста жұмыспен қамтылған 458 мың адам болса, мұндағы әйелдердің үлесі — 49 пайыз.  Ал өнеркәсіп, құрылыс және басқа да жұмысшы мамандықтарын игерген 44909 ақтөбеліктің 6732-сі, яғни 15 пайызы — әйелдер. Бүгінгі таңда өңірде Аmanat партиясының 33 мыңнан астаммүшесі бар болса, оның 62 пайызы немесе 20,5 мыңға жуығы — әйелдер, — деді ол.

Жиында «Стройдеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ардагері Татьяна Брайлова өзінің зауыттағы еңбек жолы туралы әңгімеледі.

— Зауытқа Ақтөбе құрылыс техникумын бітіргеннен кейін 1970 жылы келіп, қарапайым бақылау шебері ретінде қабылдандым. Осы жылдан бастап шығарылатын өнімнің сапасын техникалық бақылау, стандарттау, ал 2005 жылдан бастап ISO-9001 халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгізу мен жұмыс істеуді ұйымдастыру мәселелерімен айналысамын. Еңбек адамы — бұл өз күшін аямай, қоғамның күнделікті өміріне үлес қосатын жан,— деді ол.

Жұмысшы келіншектердің бірі — Алмагүл Көппағамбетова. Ол Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.

— Зауыттаекі ауысымда жұмыс істейміз.Бір ауысымда 6 әйел бар. Қол жұмысы — біздікі. Хромды іріктейміз, тазалаймыз. Айлық жалақымызды уақытында аламыз, шүкір, жағдайымыз жақсы, — деді Алмагүл Каппағамбетова.

Ал Алға ауданының кәсіпкері Райхангүл Жанпейісова «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырғанын айтты. Ол екі жыл бұрын «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ашқан. Бүгінде қазақтың ұлттық сусыны —көже дайындап, өнімін Ақтөбе және Алға қаласы дүкендеріне сатылымға шығарып отыр. Болашақта шағын көже цехын ашу жоспарында бар.

Форумда Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова оқу орны даярлап жатқан жұмысшы мамандықтары туралы әңгімеледі, сондай-ақ тағы басқақатысушылар сөз сөйледі.

Іс-шара соңында 12 әйел Amanat партиясы мүшелігіне салтанатты түрде қабылданып, оларға билеттер табысталды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, түрлі тақырыптағы тренингтерге қатысты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button