Өнерлінің өрісі

Отбасы күні
Кеше Халықаралық отбасы күніне орай әнші, композитор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Дулат Айтжановтың шығармашылық кеші өтті. Осы кешке келген өнер майталмандарын облыс әкімі Асхат Шахаров қабылдады.
Олардың қатарында халық артисі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Нұрлан Өнербаев, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы, отбасылық өнерлерімен танылған жерлестеріміз – Қанат-Светлана Айтбаевтар мен Мирас-Құралай Бекжановтар бар.
Қабылдау кезінде облыс әкімі отбасы құндылықтары мен өнердің қоғамдағы маңызы туралы сөз қозғап, өнерлі жұп — Дулат пен Рита Айтжановтарға алғысын жеткізді. Композиторға «ҚР мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.
— Отбасы — махаббат пен мейірімнің, рухани-мәдени құндылықтардың сақтаушысы. Осы орайда отбасы құндылықтары мен өнерді қатар ұлықтап жүрген Дулат пен Рита — өңіріміздегі көпке үлгілі болып жүрген жұптардың бірі, — деді А.Шахаров.
Өңір басшысы өз сөзінде мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты.
Биыл облыс орталығында жаңа театр ғимараты бой көтереді. Сонымен қатар өнер адамдарын қолдау, халықаралық тәжірибе алмасу, шығармашылық жобаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасады.
Қонақтар да өз кезегінде көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.
— Ақтөбе қазір өнердің тайқазанына айналды. Ақтөбе жұртшылығының өнерге және өнерпазға деген құрметін бойымызға сіңіріп, әбден тәнті болған жайымыз бар. Елдің абыройын асқақтатып, мерейін тасытып жатқан өнерпаздарға көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғысымыз шексіз,— деді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Нұрлан Өнербаев.
Д.АЙДАР.



