10 сәби дүниеге келді

Отбасы күні
Отбасы күні мерекесі қарсаңында облыстық перинаталды орталықта 10 нәресте дүниеге келді. Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев аналарды арнайы келіп құттықтап, сыйлық тарту етті.
— Отбасы — махаббат пен мейірімнің, құрмет пен сыйластықтың ошағы. Мемлекеттің дамуында, қоғамның қалыптасуында отбасының, ұрпақ тәрбиесінің маңызы зор. Сондықтан бұл күннің де ерекшелігі осында, — деген Баянбек Қырықбаев жас босанған аналарға гүл шоғын ұсынып, сыйлық тарту етті.
Тосын сыйды күтпеген аналар қуанышы мен толқынысын жасыра алмады. Көпбалалы Ару Могзимова 5-ші перзентін өмірге әкелгенін айтып, құттықтаған жандарға алғысын білдірді.
— Отбасы күнінде біздің жеке қуанышымызды бөлісіп, қуантып келгендеріңіз үшін рақмет. Марқайып қалдық. Перинаталды орталықтың акушер-дәрігер, мейірбике, санитарлық қызмет саласының жұмысшыларына өте ризамыз. Бізге аса қолайлы жағдай жасап,бәріміз де аман-есен босандық, — деді ол.
Дүниеге келген 10 сәбидің 3-еуі — ұл, 7-еуі — қыз бала.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



