Құтқарушылардың дайындығы пысықталды

Суға түсу маусымы
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде шомылу маусымын ұйымдастыру және су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығының уақытша міндетін атқарушы Айбат Жаңабергеновтің мәліметінше, облыс аумағында шомылуға арналған 64 орын бар. Департаментке су айдындарының түбін тексеруге 69 өтінім келіп түскен.Осыған байланысты 12-17 мамыр аралығында сол учаскелерде түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ал 20-21 мамырда жағажайларда кезекшілік ететін құтқарушыларды оқыту жоспарланған.
Былтыр облыста 60 жағажай жұмыс істеді, оның ішінде 2-еуі — аквапарк. 25 жағажай коммерциялық болса, 35-і —коммуналдық меншікте.
Шомылу маусымына дайындық үшін аудандарда қайықтар, құтқару құралдарын және қауіпсіздік туралы көрнекі материалдар сатып алынады.
Шомылуға қауіпті жерлерге ерекше назар аударылған. Облыста суға түсуге тыйым салынған 206 учаске бар. Былтыр су қоймаларының жанына шомылуға тыйым салатын 321 ескерту белгісі орнатылса, биыл тағы 120 белгі қойылады. Аудан әкімдеріне түгендеу жүргізу және қажет болған жағдайда жадынамалық белгілерді жаңарту тапсырылды.
Өзендердегі қауіпсіздікті 367 адам бақылайды. Олардың қатарында төтенше жағдай қызметкерлері, полиция, әскерилер және еріктілер бар. Сондай-ақ Ақтөбеде су айдындарында 33 бейне бақылау камерасы орнатылған.
Өңір басшысы шомылу маусымына дайындық мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
—Адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек. Бұл әсіресе балаларға қатысты. Ауданның әрбір әкімі жағажайларды дайындауға және су айдындарын бақылауға жеке жауапты болуға тиіс. Шомылуға тыйым салынған жерлерде ескерту белгілері орнатылып, қадағалау күшейтілуі қажет,—деді Асхат Шахаров.
Д.ҚАЗИХАН.



